Құрманғазы қазақтың маңдайына біткен дара күйші, композитор. Ол 1818 жылы қазіргі Атырау облысының Жиделі ауылында дүниеге келген. 1889 жылы топырақ бұйырған орны қазіргі «Құрманғазы төбесі». Күйшінің оң солын танып, өмір-тіршілікке белсене араласа бастаған кезі күрделі еді. Оның күйлері қазақ халқының қайғысымен де қуанышымен де ұштаса білген.
Жақында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы тапсырмаларды өнер саласында да жүзеге асыру мақсатында, Қаскелең мәдениет колледжінде Құрманғазы атамыздың 200 жылдығына арналған лекция-концерт өтті. Колледждің екінші курс студенттері ұйымдастырған бұл іс-шараға Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенттік ұлт-аспаптар оркестрінің бас дирижері, республикалық «Серпер» Жастар сыйлығының иегері Абылай Тілепбергенов және аталмыш жоғарғы оқу орнының домбыра кафедрасы магистранты, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Таңат Сәденов қатысты (суретте).
Жиын басында жоғарыда аталған колледждің халықтық «Үшқоңыр» ұлт аспаптар оркестрі Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Талғат Рахимбаевтың дирижерлігімен Түркештің «Көңілашар» күйін орындады.
Сонымен қатар, Таңат Сәденов пен Абылай Тілепбергенов жастарға ашу мен ызасын, күйзелісі мен толғанысын, қуанышы мен жұбанышын күй өнерімен өрнектеген Құрманғазының көптеген шығармаларының тарихын баян етіп, ол композициялардың ішінде «Алатау», «Балбырауын» сияқты үздіктерін орындап берді.
Атап айтсақ, бүкіл әлемге белгілі «Адай» күйінің шығу тарихы туралы: – «Адай руы Исатай көтерілісінде көзге түскен болатын. Исатайға қосылған қолдың ішінде адайлықтар көп еді. Мұрағат деректеріне қарағанда, Адай округы Ұлы Октябрь революциясына шейін Түркістан генерал-губернаторлығының ерекше бақылауында болып, «Бөгде аймақ» («Полоса отчуждения») атанып келді. Ал осы аймақта үнемі толқу, наразылықтар болып келіп, оның аяғы патшалыққа қарсы күрестермен ұштасты. Біздіңше, Құрманғазы Адай руы атын жалпыланған ұғымда алып, еркіндік сүйген елінің қайтпас күшіне арнап шығарған болуы керек. Ал, «Балбырауын» күйінің шығу тарихына келсек, Браун деген неміс бал ұйымдастырып, соған түрмеде жатқан Құрманғазыны алдырады. Құрманғазы осы күйді сол жерде бірден шығарып орындаған екен. Бұл күй ауыл жастарының ойын-сауығына арналған. Күйдің музыкалық кейпіне қарағанда, онда бидің негізі бар, көңілді, шабытты, ырғағы жеңіл болып келеді» – деді Абылай Тілепбергенов. Бұл әңгімелерді елтіп отырып естіген студенттер бойларына рухани азық алғаны анық.
Шара соңында Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, колледж директоры Дүйсебай Күшікбаев келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, алғыс хаттармен марапаттады.
Жұмабек СМАМЫТОВ.