Үмітпен ертеңіне қарады ұл-қыз,
Бір нұрға жаңа толды жанарымыз,
Астана,жаңа Астана,жан Астана,
Жерге кеп қона қалған дара жұлдыз!
Т. Молдағалиев.
Иә,бүгінгі күнде Астана бәріміз үшін аяулы, жүрегімізге жақын қала. Қазір оны бүкіл әлем таниды, оған қызыға да қызғана қарайды. Өйткені, Астана аз ғана жылдың ішінде бой көтеріп сұлу, сәнді қалалардың қатарына қосылды. Бұл біз үшін мақтаныш! Астананы Президентіміздің төл перзенті деп те айтады. Әрине, қазіргі әсем қала Астана Елбасымыздың даналығы мен көрегендігінің жемісі.
Мен Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының «Еуразия жүрегінде» атты кітабын толқыныспен оқыдым. Бұл кітапта Астананың астана болып қалыптасу жолдары әсерлі баяндалған екен. Оны оқыған әр қазақстандықтың бойында патриотизм сезімі артады деп ойлаймын.
Астана орналасқан жерде Х-ХІІ ғасырларда Бозоқ қаласы болған. Тарихшылардың мәліметіне қарағанда, Бозоқ қаласы Ұлы Жібек жолының бойында орналасып, қыпшақтардың ірі сауда орталығына айналған. Бертін келе қазақтардың батырлары осы аймақта қалмақтармен атамекен үшін соғыс жүргізген. Кеңес Одағы кезінде, өткен ғасырдың 50-60-жылдары Қазақстанда тың игеру басталғаны белгілі. 1961 жылы Целиноград қаласы құрылды. Ол тың өлкесінің астанасы атанды. Тәуелсіздік жылдары Целиноградқа Ақмола атауы қайтарылды. Ақмола қаласына Елбасымыздың ұсынысы және Жарлығымен Астана атауы беріліп, тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасына айналды. Міне, содан бері ерке Есілдің бойында Алаш жұртының мақтанышы болған Астана күн сайын өркендеп, өсіп келеді.
Астанадағы биік,сұлу,соңғы үлгідегі сәулет өнерінің туындылары болған ғимараттарды көріп сүйсінесің. «Бәйтерек», «Ел анасы», «Қазақ Елі» монументтері, «Хан шатыры», «Бейбітшілік пен келісім сарайы», т.б. алып ғимараттар Астананың сұлулығына сұлулық қосып тұр. Астанада әлемдік деңгейдегі симпозиумдар, конференциялар өткізіледі. Саябақтар мен демалыс орындарын бір аралаудың өзі арман. Міне, сондықтан да Астана – арман қала, ару қала.
Биылғы жылы жас қала Астананың 20 жылдық мерекесі тойланғалы отыр. Бұл барша қазақстандықтардың айтулы мерекесі. Біз Астанамызбен мақтанамыз,оны ұлықтаймыз. Осындай әсем,айбынды Астананы бізге сыйға тартқаны үшін Елбасымызға шексіз ризамыз!
Жадыра НИЯЗЫМБЕТОВА,
Шамалған бекетіндегі жаңа қазақ орта мектебінің мұғалімі.