Шекараның шегеленген шетін кірпік қақпай күзететін, жұртшылықтың тыныштығына жауапты жауынгерлердің міндеті қашанда ерлікпен тең. Абыройлы қызметке жауапты әрбір сарбаздың ісі қырағылықты талап етеді.
Осындай талапқа негізделген жұмысты атқарып жүрген саптағы саңлақтар Қарасай ауданының аумағын да қорғайды. Анығын айтқанда, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне қарасты «Қаскелең» шекара бөлімшесінің жауынгерлері Ақсай мен Қаскелең шатқалдары арқылы өтетін қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасын күзетеді. Өткен аптада Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов біз айтып отырған «Қаскелең» шекара бөлімшесіне арнайы барып, қатардағы жауынгерлердің бір күндік өмірімен танысып қайтты. Тыныс-тіршілігіне куә болып, казарманың жай-күйіне қатысты бірқатар мәселеге көңіл бөлді.
Аудан басшысын бөлімше қақпасының алдынан ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алматы облыстық департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы, полковник Нұрлан Бердібаев күтіп алды. Ол 2013 жылы ашылған заставаның тарихынан сыр шертіп, бөлімшенің аумағын аралатып, мұндағы жауынгерлердің міндеті жайлы ақпарат берді.
Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Тоққожаұлы бөлімшенің жағдайымен танысқан соң, кезек күттірмей шешілуі тиіс екі мәселеге мән берді. Оның бірі – казарманы газбен жылыту жүйесін ретке келтіру, екіншісі – таулы жерлердегі шекера учаскесіне жылыту пунктін орнату. Осыларға қатысты аудан басшысы жобалау-сметалық құжаттамасын дайындау жұмыстарын қолға алатынын айтып, осы іске жауапты облыстық басқармаға ұсыныс білдіретінін жеткізді. Сонымен қатар, аудан әкімі Жасұлан Естенов полковник Нұрлан Бердібаевпен жауынгерлердің қызметтік өмірден тыс іс-шараларға белсене қатыстыру жағын ақылдасты. Мәселен, мерекелік немесе басқа да атаулы күндерге байланысты бастамалар ұйымдастырып, сарбаздарды ынталандыру, марапаттау жағын ойластырды.
«Қаскелең» шекара бөлімшесінің жай-күйіне қатысты мәселені ортақ ақылдасқан соң аудан әкімі казарманың ішінде саңлақ сарбаздармен жеке кездесіп, ашық әңгімелесті. Олардың қал-жағдайын сұрап, азаматтық борышты орандау өте жауапты іс екенін алға тартты. Сондай-ақ Қарасай ауданының басшысы Ж.Естенов мемлекет тарапынан ел болашағы жолында атқарылып жатқан істерге тоқталып, жауынгерлерге оның маңыздылығын сөз етті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.