Алматы облысының туристік әлеуетін арттырып тұрған табиғат сыйының бірегейі – Көлсай. Көз жауын алатын таңғажайып көлге келушілер қатары жыл сайын артып келеді. Яғни, Кеген ауданындағы Көлсай көлі қазір қазақтың өз ішіне ғана емес, әлемнің төрт бұрышына әйгілі туризмнің нысанына айналды. Дерекке жүгінсек, 2021 жылы Көлсайға келушілер 83 153 адамды құраса, 2022 жылы 160 520 адамға жетті. Биыл да демалушылардың аяғы сиреген жоқ. Жалпы, Көлсай көлдері аумағында 7 туристік бағыт бойынша қызмет көрсетіледі.
Жақында Кеген ауданы әкімінің міндетін атқарушы Кеңес Қабылбеков жұмыс сапары барысында «Көлсай көлдері» ұлттық паркіне де арнайы барды. Мұнда ол аймақтағы туристік кластерді дамытуға қатысты жоспармен танысты. Күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі ретінде Қайыңды көлін сақтап қалу ісі тұрған болатын. Яғни, соңғы жылдары аталған су қоймасында су деңгейі айтарлықтай төмендеп, оны сақтау үшін бөгет салу қажеттігі туындап отыр. Кеңес Күнесбайұлы бөгетті орнатпас бұрын ең алдымен, облыс әкімдігімен бірлесе бірқатар мәселені пысықтау керегін ескертті. Ал жақын арада көлге апаратын жолдың құрылысы басталып, электр желісі тартылады. Тағы бір мәселе, аудандағы таулы аймақтарға кәріз желі-лерін тарту мүмкін емес. Алайда аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, арнайы сүзу алаңдарын салатын орын белгіленді. Бірақ бұл жұмысты іске асыру үшін облыстың, тіпті, республиканың қолдауы қажет.
– Көлсайға келушілердің қатары көбейгелі бері сол маңайдағы ауылдардың шырайы кіріп, тұрғындардың жағдайы жақсара түсті. Оған инфрақұрылымның жақсаруы да әсер етті. Соңғы жылдары Көлсайға дейінгі жол жөнделді, асфальтталды. Соның нәтижесінде Көлсай көлдерін тамашалаушылардың қатары екі есеге артты. Биыл Қайыңды көлге дейінгі жол жасалуда. Сонымен қатар Қайыңды көліне дейінгі электр желісін тарту мәселесі де жоспарда бар. Бірінші кезекте Қайыңды көліне апарар жолды ретке келтіру керек. Дегенмен салынатын жол көл жағасына барып тірелмеуі тиіс. Өйткені ұлттық саябаққа кіретін барлық көлде санитарлық аймақ талабы сақталуға тиіс. Ал бөгет салу мәселесін облыс әкімдігі арқылы министрлікпен бірге пысықтаймыз. Жалпы, Көлсайға келуші туристер таудың таза ауасымен тыныстағылары келеді. Оның орнына демалушы жұрт көңнің исімен демалуға мәжбүр. Бұл мәселе ұлттық парктің басшылығымен бірге шешімін табуға тиіс. Қазіргі саяхатшылар арнайы туристік автобустармен, я болмаса өздерінің көліктерімен Көлсай көліне дейін барады. Демалыс күндері келушілердің саны артқандықтан, автокөлік тұрағы лық толады, сәйкесінше ауа ластанады. Оның үстіне санитарлық талаптарға сай келмейтін қоғамдық тамақтану орындары автотұрақ аймағында орналасқан. Мұны реттеуіміз керек, – дейді Кеңес Күнесбайұлы
Жалпы, биылдан бастап көл маңында туристерге арналған логистиканы да қайта қарау қажеттігі туындап отыр. Ұлттық парктің мәліметі бойынша қазір атты және жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жобасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ жергілікті әкімдік пен Ұлттық парк қаражаты есебінен биоәжетханалар сатып алынбақ. Мұнан бөлек, аумақтағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін туристтік полиция бөлімшелері мен фельдшерлік-акушерлік пункт салу мәселелері де шешімін табады деген сенім бар.
Көлсай көлдері туристік нысан ғана емес, экономикалық табыс көзіне де айналуы керек. Ол үшін аумаққа инвестиция тартуға жағдай жасалуы тиіс. Көлсай өңіріне «Атырау Рент» серіктестігінің туризм саласы бойынша инвестициялық жобасы жасалуда. Серіктестіктің директоры Бауыржан Махметов таныстыруынша, 5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба бойынша Көлсай өңірінен 17 гектар жер беріліпті. Көлсайға келетін қонақтарды, алыс-жақын шетелдерден келетін туристерді күтуге арналған құрылыс нысанында визит-орталықтар, эко-қонақүйлері, глэмпингтер, сауда-жәрмеңкелік дүңгіршектер, кемпингтер және қазақы ауылдар қызмет көрсетеді. Екі жүздей жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Жалпы, бұл демалыс орны 80 қонақты қарсы алып, жайлы демалып қайтуына мүмкіндік жасайды. Туристік орталықтың құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Бұрым ОРЫНБАСАР.