Ұзынағаш ауылындағы құрал-жабдықтармен жарақтандырылған Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектепте «Ашық есік күні» өтті. Аталған оқу ошағы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Білім беруді тұрақты дамыту қорымен бірлесіп, «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында жабдықталды. Нақтырақ айтқанда, Назарбаев зияткерлік мектебінің стандартына сәйкес, 37 оқу кабинеті мен шеберхана, сондай-ақ STEM-зертхана, АРТ-студия, интеллектуалдық холл, кітапхана және телестудия жаңартылды. Бұл жұмысқа жалпы сомасы 250 млн. теңгеге жуық ақша жұмсалды. Ашық есік күніне «Қазақстан халқына» қорының Басқарма төрағасы Болат Жәмішев қатысып, елімізде тірек мектептердің маңыздылығы жайлы айтты.
–Жабдықтаудан бөлек, зияткерлік мектептердің мамандары мұндағы мұғалімдерге біліктілікті арттыру бойынша сабақ өтеді. Нәтижесінде балалардың да білімі артады. Еліміздің оқу саласындағы басты мақсат – ауылмектептерінің білім сапасын қаладағы оқу орындарымен бірдеңгейдеету. Сондықтан қолға алынып жатқан бұл шаралардың маңызы зор. Ал тірек мектептер өз атында тұрғандай, жан-жағындағы оқу ошақтарымен тәжірибе алмасады. Бұл да саланың дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры робототехника кабинеттерін жабдықтайтынын айта кеткім келеді, – деді БолатЖәмішев.
Оның айтуынша, қоғамдық қор 17 ауылдық тірек мектептерін құруды жоспарлап отыр. Жобаның бюджеті – 4 млрд 250 млн теңге. Қазіргі таңда Қор 16 тірек ауыл мектебінің мұғалімдерін оқыту курстары мен тағылымдамадан өткізді.Сонымен қатар шарада облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев биыл өңірде білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жабдықтауға 3,1 млрд. теңге бөлінгенін айтты.
– Білім саласының дамуы – қоғам дамуының басты көрсеткіші және мемлекет ретінде дамуымыздың басты алғы шарты болып отыр. Облыстың 2023 жылғы білім саласына бекітілген бюджеті 307,4 млрд.теңгені құрайды. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жабдықтауға 3,1 млрд. теңге бөлінді, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Биылғы жылдың жоспарында 16 мектепті қолданысқа беру жайлы, айтқан облыс әкімі «Қазақстан халқына» қорының мамандарына алғысын білдірді.
Айта кетейік, Ұзынағаш ауылындағы Т. Рысқұлов атындағы тірек мектепте 2083 оқушы үш ауысымда білім алады. Іргесі 1974 жылы қаланған.
Бұрым ОРЫНБАСАР.