Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтің халықпен тұрақты кездесулерінің бірі өткен жұмада Жібек жолы ауылдық округінде өтті. Жергілікті тұрғындар аудан басшысына базынасын айтып, бірқатар мәселені көтерді.
Халықтың басым көпшілігі көшелердің жөнделуін сұрады. Батыр Құралбаев осы жиында Сейфуллин көшесінің жағдайын айтып, ең болмағанда тегістеп беруін өтінді. Аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы әзірге бұл көшені жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы дайын болмағандықтан, жоспарда жоқ екендігін түсіндірді. Десе де, ауыл тұрғынының өтінішін ескеріп, округ әкімі мен осы салаға жауапты бөлімге тиісті тапсырма жүктеп, уақытша құм-тас төгіп, жолды тегістеуді тапсырды. Дәл сол сияқты Жібек жолы ауылындағы Баянжүрек көшесі де уақытша ретке келетіні айтылды.
Округ халқын алаңдатқан үш ауысымды мектептен бөлек, аурухана мәселесі де бар. Дегенмен емхананың салынуы қолға алынған. Нақты айтқанда, биыл Көлащы ауылында 300 келушіге арналған емхана салынатын болады. Қазіргі таңда оның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұл жайында аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы жан-жақты түсіндіріп, медициналық мекемеге қатысты мәліметті жеткізді. Ал мектептердің жағдайы жер мәселесіне байланысты екені айтылды. Яғни, білім ошағын салу үшін жер табылса, жаңа ғимараттың іргетасын қалауға болады.
Жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырған мәселенің тағы бірі – теміржолдың маңындағы кептеліс. Айта-айта жалыққан халық аудан әкімінен осыны біржақты шешіп беруін сұрады. Өз кезегінде аудан басшысы айналмалы жол биыл салынып бітетініне тоқталып, кептелістен арылу үшін алдағы уақытта жол-патрульдік полициясы арнайы қадағалайтынын айтты. Осыған қатысты аудандық Полиция басқармасына тапсырма жүктеді.
Сонымен қатар, бұл жиында саяжайдың статусы, электр энергиясы, жолдардың асфальтталуы, қоғамдық көлік сияқты басқа да мәселелер көтерілді. Аудан әкімі бюджеттің бөлінуіне қарай барлығы кезең-кезеңімен шешілетінін түсіндірді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.