Он жылға ұласқан Ауған соғысы – адамзат тарихындағы ерлік парақтарының бірі. Кеңестік қызыл жасақтың қатарына қазақтың қыран жігіттері де қатыстырылған еді. Қайғы мен қасіреттің қара түнегіне 22 мыңнан астам қазақстандық жауынгер аттанып, соның 761-і қаза тапқан. Талай жастың өмірін қиып, талай ананың көз жасын төккен сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл 34 жыл толды.
15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай, аптаның сейсенбісінде Қаскелең қаласында орналасқан интернационалист-жауынгерлер құрметіне қойылған мемориалына ауданымыздағы ардагерлері мен жат жерде жан тапсырғандардың жақындары жиналып, марқұмдарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Ұрыс даласында ерліктерін көрсеткендердің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін қала әкімі Асқар Мұқашев сөз сөйлеп, жылы лебізін білдіріп, жиналғандарға бірлік пен бейбітшілік тіледі. Мұнан соң бірқатар ардагерлер аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлім басшысы Күлжан Дүйсенова мен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы Бекмырза Жүсіптің атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Ауған ардагерлерінің ерен ерліктерін ұлықтауға арналған шара әрі қарай аудандық Мәдениет үйінде арнайы дайындаған концертке ұласты. Мұнда жиналғандарды аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров қарсы алып, ардагерлеріміздің баға жетпес ерлігі жайында сөз қозғап, жастық шақтарын сұрапыл соғыс даласында өткізген қаһарман жерлестерге ізгі ниет-тілегін жеткізді. Сондай-ақ, бірқатар ардагерлерге аудан әкімі Жасұлан Естеновтің атынан Алғыс хаттарды табыстады.
Шараның ресми бөлімі аяқталғаннан кейін жиналған жұрт ауданымыздың өнерпаздары дайындаған мерекелік бағдарламаны тамашалап қайтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.