19 наурыз – елімізде мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы. Бұл саяси реформаға қатысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жарлыққа қол қойып, кезектен тыс сайлау өткізу күнін белгілеген болатын.
Осы жолғы саяси науқан нағыз жаңа Қазақстанның алғашқы көрінісі деуге болады. Өйткені енді халық қалаулылары пропорционалды-мажориталдық жүйе бойынша сайланады. Бұл үрдіс елімізде саяси бәсекелестік ортаны қалыптастырып, жаңа тұлғалардың саясатқа араласуына жол ашатыны анық.
Ашық айқасқа негізделген сайлау науқанына дайындық Қарасай ауданында қалай ұйымдастырылып жатыр? Осы жолғы сайлаудың ерекшеліктері неде? Осының жай-жапсарын білу үшін Қарасай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалия Амановамен тілдестік. Сауалдарға сенімді жауап алып, сайлаудың ерекше тұстарын сөз еттік.
– Ғалия Матанқызы, алдымызда ел болашағы үшін жауапты кезең орын алғалы тұр. Мұндай істе, әрине, өзіңіз төрағалық ететін аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жұмысқа деген жауапкершілігі байқалады. 1 айдан кейін болатын сайлаудың ерекшелігіне тоқталып өтіңізші.
– Өздеріңіз білетіндей сайлау туралы заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы бастамалардың бірі – сайлау жүйесін жетілдіру. Міне, осыған байланысты азаматтардың құқығын толық қамту үшін сайлаудың аралас жүйесі ұсынылды. Осыған сәйкес, Парламент Мәжілісіне 98 депутаттың 30 пайызы немесе 29 депутат мажоритарлық жүйе негізде сайланады. Ал 70 пайызды құрайтын 69 халық қалаулысы депутаттық тізімдер бойынша таңдалады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың мәслихаттарына депутаттардың 50 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша, ал қалған 50 пайызы партиялық тізіммен бекітіледі. Аудандық пен қалалық мәслихат депутаттары толығымен мажоритарлық жүйе бойынша өтеді. Қазіргі таңда айтулы саяси науқанға біздің ауданда дайындық өз деңгейінде жүріп жатыр.
– Үміткерлерді тіркеу жағы Қарасай ауданында қалай жүргізілуде? Округтік сайлау комиссияларының саны қанша?
– Қарасай ауданында 30 аудандық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі, 4 облыстық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі бірмандаттық аумақтық және бір ҚР Парламент Мәжілісіне депутаттарын сайлау жөнінде округтік сайлау комиссиялары құрылды. Мәжіліс депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссиясы бойынша айтар болсақ, оның біреуі Қонаевта құрылса, екіншісі біздің ауданда, яғни, Қаскелеңде орналасқан. Оған Қарасай, Жамбыл, Іле, Балқаш аудандары қарасты. Әр сайлау комиссиясының құрамында бес мүше бар: төрағасы, оның орынбасары, хатшысы және екі мүшесі. Олардың барлығы әртүрлі қоғамдық ұйымдардан ұсынылды. Өз жұмысын жақсы білетіндіктен, аудандық мәслихат бекітіп берді. Әрбірінің жауапты міндеті бар, яғни, үміткерлерге қатысты ақпаратты тиісті мекемелерден сұратып, анықтайды. Осындай жұмысқа олар жауапты болғандықтан, комиссия мүшелеріне республикалық бюджеттен ақша төленеді.
– Сіз айтып отырған округтік сайлау комиссиялары осы уақытқа дейін неше өтініш қабылдады? Олардың жалпы міндеті қандай?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығынан кейін, яғни, 20 қаңтардан бастап 8 ақпанға дейін сайлауға түсетін кандидаттарды ұсыну науқаны жүргізілді. Округтік сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттығына бір мандатты окрутер бойынша сайлауға ниет білдірушілердің, былайша айтқанда, үміткерлердің өтініштерін қабылдады. Олардан сауалнамасына, өмірбаянына қатысты ақпарат алынды. Саяси ұйымның тарапынан да құжаттар талап етілді. Бұл жұмыстар 8 ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де аяқталды. Жалпы алғанда 110 өтініш түсті. Оның ішінде Мәжіліске – 20, облыстыққа – 12, аудандыққа – 78 үміткер өтініш білдірді. Тіркеу ақпан айының 18 күні, сағат 18:00-де бітеді. Келесі күннен бастап сайлау учаскелерінің жұмысы басталады. Дауыс беру де осы жерде болатынын айта кету керек. Сонымен қатар, жоғарыда атап өткен аудандық, облыстық, мәжіліс депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау комиссиялары әрбірі қорытындысын шығарып, Қарасай аудандық аумақтық сайлау комиссиясына әкеліп өткізеді.
– Ғалия Матанқызы, округтік сайлау комиссиясының негізгі міндеттерін түсіндік. Енді үміткерлерге тоқталайықшы. Олар кімдер? Белсенділігі қалай?
– Биыл ашық сайлау болғандықтан болар, үміткерлер арасында нағыз күрес болатын сияқты. Мәселен, Парламент Мәжілісіне 20 кандидаттың 17-сі өзін-өзі ұсынғандар. Қалған үшеуінің екеуісі «Amanat» партиясынан болса, қалған біреуі «Ақжолдан». Олардың арасында жеке кәсіпкерлер мен заңгерлердің саны басым. Барлығы талапқа сай. Ең жасы 30-да, ал үлкені 70 жастан асқан азамат. Қызығушылықтары, белсенділіктері қатты байқалады. Қазірден бастап, барлық ақпараттан хабардар болып, үгіт-насихат жұмыстарын жоспарлауда. Біз өз тарапымыздан тиісті сауалдарына жауап берудеміз.
– Ал аудандық пен облыстық мәслихатқа деген күрес қалай болуда? Бұл жақта талас-тартыс, ерекше жағдайлар орын алып жатыр ма?
– Биылғы облыстық мәслихат депутатының сайлауында атап өтетін бір жайт бар. Олар үшін талап жеңілдетілген. Мәселен, басқа өңірдің адамы кез келген аймақта кандидатурасын ұсына алады. Бізде бұл жағдай тіркелді. Семей жақтан бір азамат Алматы облыстық мәслихатына үміткер ретінде өзін-өзі ұсынды. Міне, бұл да бақталастықтың ашықтығын білдіреді. Ауданнан өтініш білдірушілер көп. Десе де, жарна көлемін естіп немесе отбасылық жағдайына байланысты сайлауға түсуден бас тартып жатқандар бар. Бүгінгі күнде дейін 6 адам аудандық, 1 адам облыстық мәслихат депутаттығына үміткер болудан айнып қалды.
– Жарна демекші, осыған тоқталайықшы. Үміткерлер қанша теңге төлеуі тиіс және ол қаражат қайда барып түседі?
– Саяси партиялар өз тарапынан Орталық сайлау комиссиясының шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін сайлау жарнасын енгізеді. Оның көлемі ең төменгі жалақының, яғни, 70 000 теңгенің 15 еселенген мөлшерімен бірдей. Ол – 1 050 000 теңге. Бұл ретте Мәжіліс депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының 5 және одан да көп пайызын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді. Партия сайлауда сайлаушылар дауысының кемінде 5 пайызын жинаса, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген жалғыз кандидат қайтыс болса, жарна саяси партияға қайтарылады. Қалған жағдайда енгізілген жарна қайтарылмайды, республикалық бюджет кірісінде қалады. Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша тіркелген кандидат та сайлау жарнасын төлейді. Депутат болып сайланса, не сайлаушылар даусының кемінде 5 пайызын жинаса, сондай-ақ қайтыс болса, жарна кейін қайтарылады. Ал мәслихат депутаттығына үміткерлер ең төменгі жалақының 5 еселенген мөлшерінде, яғни, 350 мың теңге сайлау жарнасын төлеуі тиіс. Оларда да жоғары атап жағдай бойынша қаражаттары қайтарылады.
– Ғалия Матанқызы, ашық сайлау деп жатырмыз ғой. Десе де, елдің сөзін сөйлеп, халықтың тілегін тыңдайтын депутат болғысы келетіндердің бәрі сайлауға түсе бермейтіні белгілі. Осы ретте депутаттыққа кімдер үміткер бола алатынын түсіндіріп өтіңізші.
– Ата Заңымызға сәйкес Парламент Мәжілісі депутаты атану үшін соңғы 10 жыл бойы ел аумағында тұрған, жасы 25-ке жеткен Қазақстан азаматы болуы керек. Оның заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген соттылығы және сыбайлас жемқорлығы үшін соттылығы болмауы тиіс. Сол сияқты облыстық және аудандық Мәслихат депутаттығына кандидаттарға да осындай талаптар қойылады. Оған 20 жастан асқандар үміткер болуға құқығы бар. Айта кету керек, үміткерлердің жоғары біліміне, тіл білуіне және жұмыс тәжірибесіне қатысты ешқандай шектеулер қойылмаған. Сонымен қатар, кандидаттар кез келген адамды сенімді өкіл ретінде ұсына алады. Олардың әрбіріне тиісті куәліктер беріледі. Ал бақылаушылар арнайы қоғамдық ұйымдардан ұсынылуы керек және олар арнайы аккредитациядан өтеді.
– Соңғы сұрағымды дауыс берумен байланыстырғым келіп отыр. Сайлаушылар қалай дауыс береді?
– Қарасай ауданында сайлау күні 111 сайлау учаскесі, оның біреуі жабық түрде жұмыс істейді. Сайлаушылар әдеттегідей өзінің тиісті сайлау учаскелеріне барып, бюллетень арқылы таңдау жасайды. Бірінші бюллетеньде Мәжілістегі партиялық тізімдегі саяси партияға, екіншісі бірмандатты округтен Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидатқа арналған. Үшіншісінде облыстық мәслихатқа сайланғысы келетін партиялар тізімі болады.Төртіншісінде осы мәслихаттардың бірмандатты округі үшін кандидаттар ұсынылады. Бесінші бюллетеньде біздің жағдайымызда аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлердің есімдері жазылады. Бұл сайлауда сайлаушылардың ұсынылған кандидаттардың барлығына қарсы дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған. Әр бюллетеньде «Бәріне қарсымын» бағаны болады.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет! Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз! Бұл сайлауды абыроймен атқарып шығыңыздар!
Әңгімелескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.