Жақында, яғни, 26 қаңтарда аудандық ардагерлер кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өткізілді. Басқосуды ашқан кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов алдымен 2022 жылы толықтырулар енгізілген «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық ұйым ережесімен таныстырып, аудандық ардагерлер ұйымының 2022 жылы атқарған жұмыстары мен 2023 жылғы міндеттері туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, ұйымға бөлінген қаражаттың жұмсалуы жайындағы тексеру комиссиясының есебі тыңдалды.
– Бүгінде бізде, – деп бастады өз сөзін Сағат Ұлтарақұлы, – бір қалалық, 10 ауылдық ардагерлер ұйымы мен 46 бастауыш ардагерлер ұйымы мен әжелер ұйымы бар. Аудан ардагерлері аймақтағы барлық іс-шараға белсене қатысады. Біздің белсенді мүшелерімізден құрылған үгіт-насихат топтарымыз мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғындармен кездесулерге қатысып, мемлекет саясатын халыққа түсіндіреді. Мысалы, Президент сайлауына дайындық кезеңінде ардагерлер Құралай Сайбырова, Ұлтусын Бархинова, Әмина Абдраманова, Сағындық Жылқыбаев және т.б. көп жұмыс істеді.
Алматы облыстық ардагерлер ұйымында «Ардагерлер ұйымдарына – 35 жыл» атты шеберлік және өнер байқауы өткізілгені белгілі. Сол сайыста Ұмтыл ауылдық округі ардагерлерінің (жетекшісі Елтай Хасенов) «Керемет Отаным» атты хоры 1-орынға қол жеткізіп, 100 мың теңге жүлде алды. Ал, «Батагөй ақсақалдар» байқауында Елтай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалида Қосшығұлов 3-орын алып, 30 мың теңге жүлдеге ие болды.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы басқа да атқарылған көптеген жұмыстар жөнінде атап айтып, алға қойылған жоспарлар туралы да кеңінен әңгімелеп берді.
Отырыста бірінші болып сөз алған Ұмтыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Елтай Хасенов аудандық ұйымның жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады. Өзінің басқа да тілектері мен ұсыныстарын ортаға салды.
– Мен де аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысын оң бағалаймын, – деді Елтай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалида Қосшығұлов. – Талай игілікті істер жүзеге асырылған.
Шамалған ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Молбаев өз сөзінде жастар тәрбиесіне, оны жақсартуға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, өз қалтасынан 1 млн теңге шығарып, ауыл мектептеріндегі жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларынан шыққан балаларға қыстық киім алып бергенін, осы игілікті ісі үшін облыстық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатына ие болғанын жеткізді.
Отырыста сол сияқты аудандық Әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбаева да сөйлеп, осы ұйымның 2023 жылға арналған жоспарымен таныстырды. Мәселен, оның ішінде «Ата-ана мәдениеті – елге үлгі», «60 жыл біргеміз», «Рухтың тамыры әкеде. Әке көрген оқ жонар», «Шын бақ – ата-ананың махаббаты» тәрізді іс-шаралар бар.
Отырыста аудандық ардагерлер ұйымының, сонымен қатар аудандық әжелер алқасының 2023 жылға арналған жоспары бекітілді. Алдағы ауқымды міндеттерді дәйекті іске асыруға бағытталған қарар қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.