Өткен аптаның сәрсенбісі баспанасыз жүрген бірқатар қарасайлықтар үшін қуанышты күнге айналды. Оларға Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінен 10 пәтердің кілтін табыс етті.
Шаңырақтың шаттығына бөленгендердің қатарында тыл еңбеккерлері, ҰОС ардагерлерінің ұлдары мен жесір әйелдері және «жетім балалар» санаты бойынша тұрған бес отбасы бар. Тыл еңбеккерлерінің арасында Гүлжамила Безбаеваны, Қаинжамал Мұқашеваны және Ольга Кириченконы атап өтуге болады. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жақындары да баспаналы болды: жұбайы ретінде Бисара Таштырова, ұлы ретінде Ерлан Жолмағамбетов. Ал «жетім-балалар» санаты бойынша Алексей Кейқуатов, Яна Бирюкова, Еламан Ташенов, Виктория Симбирская және Назира Қуанышбекова жаңа қоныстың иелері атанды.
Қарасай ауданының басшысы Жасұлан Тоққожаұлы пәтер иелерін шын жүректен құттықтап, алдағы өмірлеріне жақсылық тіледі.
Айта кету керек, тұрғын үйлерді сатып алуға қаржы Қарасай аудан әкімдігінің өтінімі бойынша облыстық бюджеттің есебінен бөлінген.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.