Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының өзін-өзі басқару ұйымы мен шаңырақтар көшбасшылары өзара серіктестікке тұрған Қарасай ауданы Шамалған ауылының Әлжан Бұқарбайқызы атындағы орта мектебіне барып қайтты.
NIS делегациясын ауылдық мектеп ұжымы мен оқушылары құшақ жая, ән-күй шашумен қарсы алды. Өткен жылдың соңында Зияткерлік мектеп ауыл оқушыларын қарсы алып, екі білім орда арасында ынтымақтастық көпірі салынған болатын.
Кездесудің салтанатты ашылуын орта мектептің директоры Гаухар Кұтыбаева, директордың орынбасары Нұржан Молдамуратұлы, Алматы химия-биологиялық бағытындағы NIS директорының орынбасарлары Лаура Қыздарбекова және Шынар Сабырханова ашты. Зияткерлік мектеп оқушылары серіктестік мектебіне өз қолдарымен салған ұлттық нақыштағы кескіндемені табыс етті. Достық кездесу барысында зияткерлердің TEDx форматында көтерген тақырыптары, тұшымды ойлары мектеп оқушыларының қызығушылығын тудырды.
NIS көшбасшылары жоғары сынып оқушыларын толғандыратын болашақ кәсіпті дұрыс таңдау жолдары, тұлғалық өсу, дебат қозғалысы, ғылыми-жобалар және олимпиадалық қозғалыс, «Әлеуметтік желілерге аз уақыт бөлу және өзіңе шектеу қоюды білу» сынды өзекті мәселелерді қозғады.
Кездесудің басты мақсаттырының бірі – НЗМ еріктілері ауыл мектеп оқушыларына ағылшын тілін үйрету курсын бастауды көздеп отыр. Зияткерлік мектептің 11 сынып оқушылары Мадина Серібай, Аяла Қайымқожа , Айгерим Шақанова жиналған оқушыларды өздері әзірлеген ауыл мектебінің оқушыларына арналған ағылшын тілін үйрету бағдарламасымен таныстырып онлайн-сабақтарды жүргізуге дайын екендерін жеткізді:
- Біздің мақсатымыз ағылшын тілін меңгеруді жоғары академиялық сатыға дейін көтеру, тіл байлығын және сөйлесу дағдыларды дамыту. Сол бағытта сіздермен бірге онлайн түрде оқытумен қатар «Speaking club» құрып еркін әңгімелесуді көздеп отырмыз. Сонда үш талап – жазылым, тыңдалым, сөйлесу бірге жүріп, өз тиімділігін береді,- деді мектеп еріктілер клубының мүшесі Мадина Серібай.
Жақын арада зияткерлер серіктес мектебінің 100 оқушысына ағылшын тілін қашықтан оқытуды бастауды жоспарлап отыр.
- Екі мектеп арасындағы салынған достық көпірі зияткерлердің оқыту бастамасымен, басқа да көздеген шаралармен жалғасып серіктестігіміз нығая түсетініне сенімдіміз,- деді Әлжан Бұқарбайқызы атындағы орта мектебінің директоры Гаухар Кұтыбаева.
Екі біліморда оқушыларының кездесуі Шамалған қаласында орналасқан «Атамекен» тарихи- мәдени орталығына ұйымдастырылған экскурсиямен және табиғат аясында, Үшқоңыр бөктерінде мектептің дене шынықтыру мұғалімдері әзірлеген қызыққа толы сауықтыру ойындарымен жалғасты.