Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы әрбір 5 азаматтың екеуі жеке басындағы қаржы қиындығын шешу үшін несие алады. Ал сарапшылар банкке берешек атануды қымбатшылықпен байланыстыруда. Өйткені халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлікке, киетін киімге және басқа да тұрмысқа қажетті заттарға жұмсайтын шығыны жетіп артылады. Тапқан табыстары осылардан аса алмайтыны анық. Осыдан кейін елімізде жеке тұлғалардың банкроттық туралы заңын қабылдау мәселесі қозғалды. Анығын айтқанда, белгілі бір себептерге байланысты қарызды төлеу мүмкіндігі болмаса, заң жүзінде борыш жойылады.
Ел ауызында жүрген бұл Заң 2022 жылдың соңында қабылданды. Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңды мақұлдады. Енді берешегі бар азаматтар 2023 жылдың 3 наурызынан бастап банкроттыққа өтініш беруге болады.
Банкроттық туралы рәсімнің үш түрі бар:
• соттан тыс банкроттық;
• сот арқылы банкроттық;
• төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Ескере кету керек, жоғарыда аталған рәсімнің түрі қарыз алушының өз еркімен ғана жүзеге асады. Яғни, кез келген қаржы мекемесі борышкердің келісімінсіз банкроттыққа өтініш бере алмайды.
Соттан тыс банкроттық қай кезде қолданылады?
Жеке тұлғаның банк, микроқаржы ұйымы және коллекторлық агенттік алдындағы қарызы 1600 АЕК-тен (2023 жылы – 5 млн 520 мың теңге) аспаған жағдайда соттан тыс банкроттық қолданылады және мына төмендегі талаптар сақталуы қажет:
• атында мүлкі болмауы керек;
• өтініш берген күнге дейін 12 ай қарызын төлей алмаған болуы тиіс;
• берешектің мерзімі өткен күннен бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты несие шарты бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген;
• өтініш берілген күні 7 жыл бойы банкроттықты қолданбаған болуы қажет.
Сонымен қатар, банкроттықтың бұл түрі бойынша 5 жылдан астам уақыт қарызын төлей алмаған жеке тұлғалар да жүгінуге мүмкіндігі бар.
Сот арқылы банкроттық қалай іске асады?
Бұл рәсімді қарызының жалпы сомасы 1600 АЕК-тен асқан жеке тұлғалар қолдана алады. Сот арқылы банкроттық кезінде қарыз алушының мүлкі сатылады. Алайда несие берген ұйым азаматтың жалғыз баспанасы кепілде тұрған болса, оны алып қоя алады.
Сот арқылы банкроттық рәсімді қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Олардың құрамына жұмыс істеп тұрған әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң бойынша кеңесшілер және аудиторлар кіреді.
Тағы бір ескере кететін жайт, қаржы басқарушыларының қызметінің ақысы борышкердің мүлкі есебінен төленеді: 2023 жылы – бұл 70 мың теңге. Ал әлеуметтік осал топтағы, мүлкі жоқ тұлғаларға қаржы басқарушылар тегін қызмет көрсетеді.
Қаржы басқарушылардың тізімі қаржы министрлігінің сайтында жарияланған.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қалай болады?
Тұрақты кірісі бар азаматтар осы рәсімді қолданып, қарызын 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігіне ие болады. Жалғыз шарт – қарыз көлемі борышкер мүлкінің құнынан аспауы тиіс.
Қалпына келтіру шаралары келесідей: мүліктің бір бөлігін сату; мүлікті жалға беру; жаңа үй сатып алу арқылы тұрғын үйді сату; құны төмен тұрғын үйге айырбастауды және басқаны қамтиды.
Өзін банкрот деп жариялаған адамдар нені ескеру керек?
Соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолданғысы келген азаматтар келесі шектеулерді білуі қажет:
• 5 жыл бойы қарыз және микронесие алмайды (бұған ломбард кірмейді);
• 7 жылда өзін қайта банкрот деп жариялауға тыйым салынады;
• қаржы жағдайына 3 жыл бойы мониторинг жүргізіледі.
Банкроттық туралы заңның негізгі қағидаттары жоғарыда айтып кеткеніміздей. Бүгінгі күнге дейін бұл әлі талқыда жүр десек те болады. Ел айтып жүрген бұл заңға қатысты экономистер не айтады? Осы сауалға жауап іздеу мақсатында ғаламтар беттерін ақтарып көрдік.
Белгілі экомномист Мақсат Халық аталған банкроттық туралы заңды күткенімізге 10 жыл болғанын және оның халық үшін пайдасы бар екенін айтады.
«Бұл пайдасы бар заң дер едім. Өйткені көптеген адамдар түрлі жағдайларға тап болады. Мәселен, асыраушысынан айрылады, алаяқтарға алданады. Осындай кезде олар несиені қайтарғысы келмейді. Сөйтіп, сот орындаушылардың, коллекторлардың қыспағына ілінеді. Ал бұл заң белгілі бір құқықтық дәрежеде осындай азаматтардың қаржылық қиындықтарын шешуге мүмкіндік береді. Әрине, бәрі жақсы болып кетеді деп айту әлі ерте. Дегенмен бұл заңның қабылдануының өзі – жеңіс. Егер кем-кетігі болып жатса, алдағы уақытта осы заңға түзетулер мен толықтырулар енгізіледі деген үміттемін», – дейді экономист Мақсат Халық.
Ал «Хабар» арнасындағы «Біздің мақсат» бағдарламасында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті берешектермен жұмыс басқармасы басшысының орынбасары Айбол Аманов банкроттық туралы заң талай борышкерлер үшін қарыздан құтылуға мүмкіндік екенін айтты.
«Бұл заң арқылы біз жеке тұлғалардың мәселесіне ғана тоқталмаймыз. Экономикалық сектордың басым бөлігіндегі проблемаларды да қозғап кетуіміз мүмкін. Яғни, қаржы саласына қатысты. Жеке тұлғалар банк алдында ғана қарыз болмайды. Осыны ескеру керек. Бұл банкроттықты тек банкпен байланыстыруға келмейді. Әрине, банк көп болғандықтан, солармен шектеліп жатамыз. Бірақ басқа тұлғалардың алдындағы берекешекті де ұмытпауымыз қажет. Мәселен, салыққа қарыз болуымыз мүмкін. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтіндер болашақ өнімге деп қарыз алатындар бар. Оларды да ұмытпаған жөн. Міне, бұл заңнама осындай қарыздан құтылуға мүмкіндік береді», – түсіндірді Қаржы министрлігінің өкілі Айбол Аманов.
Дидар МУХАМАДИЕВ.