Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізуге қатысты мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктерін тоқтату туралы және ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындауға қатысты Жарлықтарға қол қойды.
Сонымен Мемлекет басшысы қол қойған маңызды құжатқа сәйкес Жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісі таратылады. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылады. Ал Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылдың 19 наурызына белгіленді.
Кезектен тыс сайлауда халық қалаулылары жаңа үлгі бойынша жасақталады. Енді Мәжіліс депутаттары 70% партиялық тізім арқылы, ал қалған 30% бір мандатты округтерден сайланады. Ал облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50% бір мандаттық жүйе арқылы, қалған 50% партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Бұл – Президенттің пәрмен беріп нақтылап айтқаны.
Осылайша депутаттар сайлаудың жаңа жүйесі арқылы ел сенімін ақтауы тиіс. Ал сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Бұл бастама өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туғызады деген ойдамыз. Сонымен қатар, азаматтық қоғамның одан әрі дамуына серпіліс болары сөзсіз.
«Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Атап айтқанда, партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді. Оның төменгі шегі төрт есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді», – деді Президент Қ.Тоқаев.
Жалпы осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде елімізде көп уақыттан бері алғаш рет бірнеше жаңа саяси партия тіркелді. Бұл жайлы Президент ойын білдіріп, сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі өте маңызды шешім болғанын жеткізді.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайғанын да мәлімдеді. Оның ойынша, бұл да – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам.
«Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді», – деді Мемлекет басшысы.
Әділет министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстанда 7 саяси партия тіркелген:
• «Amanat» партиясы;
• «Ақ Жол» Қазақстанның демократиялық партиясы;
• Қазақстан Халық партиясы;
• «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы;
• «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия»;
• Қазақстанның «Байтақ» жасылдар пар-тиясы;
• «Respublica партиясы» қоғамдық бірлестігі.
Демек бұл аталған саяси ұйымдардың сайлауда өздерінің бақтарын сынауға толық құқығы бар. Партия мүшелері халық қалаулылары атануы бек мүмкін.
Сонымен қатар, Президент кешегі мәлімдемесінде 19 наурызға белгіленген сайлаудың әділ өтуі қатаң қадағалауда болатынын жеткізді.
«Алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалады. Бұған Орталық сайлау комиссиясы және Бас прокуратура жауапты. Сайлау науқанын отандық және халықаралық байқаушылар жіті қадағалайды. Осы тұста азаматтарымыздың байқаушы ретінде белсенділік танытуы маңызды. Заңға сай барлық кандидат пен партияның бұқаралық ақпарат құралдарына шығуына бірдей мүмкіндік беріледі», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде осы сайлау науқаны еліміздегі саяси мәдениеттің жоғары екенін айқын көрсетіп, қоғамымызды ұйыстыра түседі дегенге сенім білдірді.
«Біз дамудың жаңа дәуіріне қадам бастық. Қазақстанда қарқынды және жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді. Қазір әлемде дәл осындай ауқымды өзгерістерді қолға алған мемлекеттер көп емес. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады», – деді Мемлекет басшысы.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.