Өткен жылдың соңғы аптасында Қарасай ауданы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңесінің отырысы өтіп, жиын барысында екі мәселе қаралды. Атап айтқанда, аудан бойынша кеңестің 2022 жылы атқарылған жұмысы мен заңсыз салынған мешіттердің құжаттарын ретке келтіру барысы талқыланды. Бұл басқосуға аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева төрағалып етіп, жиынға қатысушылармен ортақ тақырыпты бірге талқылады.
Кеңес отырысына оның мүшелері, бөлімдер, қала және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Алғашқы мәселеге қатысты Қарасай аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова баяндама оқып, діннің қоғамдағы рөлі ерекше екеніне тоқталып, жыл бойы діни ахуалға қатысты атқарылған жұмыстарды айтты. 140 шара өткізілгенін тілге тиек етіп, аудан имамдары мен жастар арасында өткен кездесулердің оң нәтиже бергенін түсіндірді. Сонымен қатар, Күлжан Әділханқызы алдағы уақытта адалдыққа, шыншылдыққа, мейірімділікке үйрететін ислам негіздерін насихаттауды қолға алып, осы бағытта іске асатын жоспармен бөлісті.
Қарасай ауданында заңсыз салынып жатқан мешіттердің құрылысына қатысты алдымен Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев баяндама оқыса, кейін басқа да ауылдық округтің әкімдері ақпарат берді. Бұл мәселе кеңес мүшелерінің қатысуымен кеңірек талқыланды. Құжатсыз салынып жатқан құлшылық орындарының саны айтылып, оны ретке келтіруге қатысты пікірлер ортаға салынды. Өз кезегінде кеңес отырысының төрағасы Айжан Нұрділдәқызы дәл осы проблема одан әрі ушықпау үшін кеңес мүшелері мен округ әкімдеріне тиісті тапсырма жүктеді. Мәселен, мешіт қандай талапқа сай салынуы тиіс және оның құжаттары қалай қадағалануы керектігін қолға алуды міндеттеді.
Кеңес отырысында барлық ұсыныстар ескерілді. Сол бағытта жұмыстар атқарылатыны айтылды.
Өз тілшіміз.