«Өткен күнде белгі жоқ» дейміз-ау, десе де әрбір жылдың айтулы, айшықты, санада сақталатын сәттері болады. 2022 жылдың алғашқы айында әлемді дүр сілкіндірген «Қаңтар қасіреті» жұрттық жадында сақталып, тарих беттерінде таңбаланғаны анық. Тәуелсіз елдің тұғыры құлай жаздайтындай күйге жеттік. Бейбіт шерудің соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, жазықсыз жандар жапа шекті. Алып шаһар – Алматының алаңы қанға боялып, нысандар қирап, қаңырады. Дегенмен елдің бекем бірлігі байқалды. Ел басына күн туған сәтте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев батыл шешімдер қабылдап, ауыр сынақты еңсеруге бар жағдайды жасады. Осылайша татулық пен тұрақтылықтың арқасында елдігіміз сақталды десек артық айтқандық емес. Бірақ «қаңтар қасіреті» кімге де болсын сабақ болары сөзсіз.
2022 жыл осылай көңілді құлазытқан жағдаймен басталғанымен, еліміз 12 айдың ішінде даму жолынан жаңылған емес. Әр салада ілгерілеу байқалды. Айтулы жайттардың бірі – Президент сайлауы. Қазақстан халқы тарихи сәтке куә болып, сенімді шешім қабылдады. 20 қараша күні Президент сайлауы өтіп, елдің ертеңі үшін жұртшылық жаппай өз таңдауын жасады. Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек деуге болады. Неге десеңіздер, ел тарихында алғаш рет Мемлекет басшысы 7 жылдық мерзімге бір рет сайланды. Ресми дерекке сүйенсек, 6 млн 456 мың 392 сайлаушы Қ.Тоқаевқа дауыс берді. Осылайша ел тізгінін Қасым-Жомарт Кемелұлы ұстап, «Әділетті Қазақстан» орнату жолында саясатын жүргізіп келеді.
Өткен жылдың жаңалығын жарыса жазғанмен, ештеңе өзгермесі анық. Ең бастысы келешектің кемелді болатынына сенім арту. Осы ретте билік тарапы күні бүгінге дейін мәлімдеген 2023 жылы орын алатын біраз өзгерістерге тоқталуды ұйғардық.
АЕК пен ең төменгі жалақының мөлшері өзгереді
2022 жылдың 1 желтоқсанында Президент Қ.Тоқаев «Республикалық бюджет туралы» заңға қол қойды. Ол Заңда 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мынадай өзгеріс көзделген:
• ең төменгі жалақы мөлшері – 70 000 теңге;
• мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 24 341 теңге;
• ең төменгі зейнетақы мөлшері – 53 076 теңге;
• айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3450 теңге;
• базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі – 40 567 теңге.
Мобильді аударымдар тексеріле бастайды
2023 жылы банктер салық органдарына лауазымды тұлғалар туралы ақпарат беруі тиіс. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілер салық декларациясын тапсыруға міндетті болады. Бұл Заң 2022 жылдың 15 сәуірінде күшіне енгенін айта кету керек.
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтың айтуынша, деректерді беру 2023 жылы және тек мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайы, квазимемлекеттік ұйым қызметкерлеріне ғана қатысты болады. Ал 2024 жылдан бастап жеке кәсіпкерлер мен компания басшылары, 2025 жылдан бастап басқа санаттағы клиенттер қосылады.
Ескере кету керек, 2023 жылға дейін Қазақстанда жеке кәсіпкерлер салық төлеуден босатылған.
Айыппұл мөлшері өседі
2023 жылы АЕК-тің (айлық есептік көрсеткіш) өзгеруіне байланысты айыппұл көлемі де артады. Яғни, айыппұл мөлшері 13 пайызға көбейеді.
Кімдердің жалақылары өзгереді?
Ең басты жаңалықтың бірі – биылдан бастап өрт сөндірушілердің жалақысының артуы. Нақты айтқанда, осы салада жұмыс істейтіндердің табысы 10-нан 70 пайызға дейін өседі. Мәселен, қатардағы құрамның айлығы 70 пайызға, ал басқарушы құрам – өрт сөндіру қызметі мен бөлім басшылардың еңбекақысы 10 пайызға артады. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, өрт сөндірушілердің ең төменгі жалақысы 180 мың теңге болмақ. Сонымен қатар, бес жылдан 10 жылға дейін жұмыс істегендердің жалақылары өседі. Яғни, еңбек өтіліне байланысты жалақы артып отырады. 15 жыл және одан да көп жұмыс істегендер 300 мың теңгеден жоғары алады.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтердің жалақысы тағы 25 пайызға көбейеді. Бұл бірінші кезекте балабақша тәрбиешілеріне, мектеп және колледж педагогтарына, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесінің мамандарына қатысты.
Дәл сол сияқты жыл сайынғы дәрігерлердің жалақысын арттыруды ескере отырып, 2023 жылы 550 мың теңгеге дейін ұлғайту қарастырылған. Бұл экономика бойынша орташа жалақымен салыстырғанда 2,5 есе жоғары.
Жоғарыда атап өтілгеннен бөлек, жалақысы 70 мың теңгеге дейінгі 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмыскердің жалақысы өспек. Бұл жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлаған болатын. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндетті. Осының арқасында әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық салаларында жұмыс істейтін жалақысы 70 мың теңгеге дейінгі 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің табыстары артады.
Төрт күндік жұмыс аптасы енгізілуі мүмкін
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі республиканың кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша түзетулер әзірленді. Заң жобасы Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі қабылданған жағдайда нормативтік-құқықтық актілерді сәйкес келтіруге бағытталған. Атап айтқанда, Еңбек кодексінде тұжырымдамалық аппаратқа «бірлескен еңбек» термині енгізілген. Ол дегеніміз – бір жұмыс берушімен бір еңбек функциясын (белгілі бір мамандық, кәсіп, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмыс) бірлесіп орындау мақсатында бірнеше қызметкердің жұмыс уақытында жұмыскерлердің жұмыс берушінің актілері және еңбек шарты еңбек міндеттерін орындау. Түзетулер жұмыс уақытының жиынтық есебін белгілеу кезінде үстеме жұмыстың жалпы ұзақтығы төрт күндік, бес күндік және алты күндік жұмыс аптасында айына 12 сағаттан және жылына 120 сағаттан аспауы керектігі көзделген.
Жеңілдетілген автонесие жалғасады
2022 жылы басталған жылдық 4 пайызбен автонесие беру бағдарламасы 2023 жылы да жалғасады. Дәлірек айтқанда, қаңтардың екінші жартысында. Жеңілдетілген несие беру жобасы револьверлік механизм негізінде жүзеге асырылмақ. «Қазақстан даму банкі» хабарлағандай, бағдарламаға қатысатын екінші деңгейлі банктер қазір қарызды ай сайын төлеп отырған тұрғындардан түскен төлемді жинақтап жатыр.
Ресми дерекке сүйенсек, екі бағдарлама бойынша 13 млрд теңге көлемінде қаражат жиналады, бұл кемінде 1 300 жаңа автонесие беруге жетеді.
Сондай-ақ орталықтан бақылауды қамтамасыз ету үшін бұдан былай бағдарлама бойынша қаражаттың бір ғана операторы ретінде Даму банкін қалдыру жоспарланып отыр. Қазір автонесие операторы – «Қазақстан даму банкі» мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ.
Депутаттардың сайлауы өтеді
2023 жылы 14 қаңтарда ҚР Парламенті Сенатының депутаттары сайланады.
Сонымен қатар, осы жылдың бірінші жартыжылдығында Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан болатын. Осы сайлау өткеннен кейін Үкімет жасақталады. Президенттің айтуынша, 2023 жылдан бастап Президенттің, Парламент пен үкіметтің барлық негізгі саяси институты қайта іске қосылады және жаңартылады.
2023 жылда неше күн демаламыз?
Биыл бес күндік жұмыс аптасымен санағанда қазақстандықтар 245 жұмыс істеп, 120 демалады. Ең көп демалатын күндер қаңтар мен наурызда. Бұл айларда 12 күн демалыс болады. Ал ақпан мен қарашада 8 күн демаламыз.
2023 жылы мереке күндерінің көп бөлігі аптаның ортасына түсетіндіктен, демалыс күндері өте аз.
Ең ұзақ демалыс күндері төмендегідей:
• қаңтарда жаңа жылға 3 күн – 1, 2 және 3 қаңтар;
• наурызда 3 күн – 21, 22 және 23 наурыз;
• сәуір мен мамырда Қазақстан халқының бірлігі күніне 3 күн – 29, 30 сәуір және 1 мамыр, сондай-ақ Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне 4 күн – 6, 7, 8 және 9 мамыр;
• шілдеде жұмыс күні сенбіге ауыстырылатындықтан, 4 күн демалыс болады – 6, 7, 8 және 9 шілде;
• желтоқсанда Тәуелсіздік күніне 3 күн – 16, 17 және 18 желтоқсан, өйткені 16 сенбіге сәйкес келіп тұр.
2023 жылы Рождество мерекесіне қосымша демалыс берілмейді, өйткені ол сенбі – 7 қаңтарға сәйкес келеді. Егер діни мереке сенбіге немесе жексенбіге сәйкес келсе, демалыс берілмейді.
Құрбан айт – 2023 жылдың 28 маусымы. Яғни, сәрсенбі күніне түсіп тұр.
Дайындаған Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Деректердің барлығы ресми сайттардан алынды.