Жаңа жылдың қарсаңында Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов «Mall Aport» ойын-сауық сауда орталығында әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың балаларына арнайы ұйымдастырылған мерекелік шырша кешіне қатысты.
Аудан басшысы бүлдіршіндермен бірге Аяз ата мен Ақшақарды бірге қарсы алып, әлемге танымал кино мен ертегі кейіпкерлерінің өнерін тамашалады. Одан кейін аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы мерекелік басқосуға жиналған ата-аналарға, ұстаздарға және балаларға ақ тілегін жеткізді. «Құрметті балалар, сіздер Жаңа жылдан жақсылық, сиқыр күтетіндеріңіз белгілі. Сондай ғажайыптар өмірлеріңізде орындала берсін. Отбасыларыңызда жақсылық орнап, Қоян жылы тек қуаныш әкелсін. Оқуда озат болыңыздар. Өйткені білімді болу болашақта үлкен азамат болуларыңызға себепкер болады. Ұстаздар мен ата-аналар, сіздерді де мерекелеріңізбен құттықтаймын! Келер жыл тек құт-береке әкелсін!», – деп аудан басшысы ыстық ықыласын білдірді.
Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов ізгі тілегінен кейін осы кешке арнайы шақырылған әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардан шыққан 120 балаға сый-сияпаттар табыстап, естелікке суретке түсті.
Мерекелік кештен кейін бүлдіршіндерге ыстық тамақ берілді. Сондай-ақ, олар аталмыш сауда орталығындағы «Funky town» ойын алаңында тегін ойнап, көңіл көтерді. Осылайша балалар жаңа жылдық көңіл-күйді ерекше сезініп, қуанышқа бөленді.
Өз тілшіміз.