Қазақстанда «Еліміздегі колледждердің ТОП-100 студенті» республикалық байқауы аяқталды. Жоба жеңімпаздары еліміздің ірі кәсіпорындарында жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болатынын ерекше атап айтуға болады.
Білім алушылардың бақталасына Қарасай ауданынан Үшқоңыр су шаруашылығы колледжінің төрт студенті қатысты. Атап айтқанда, «Гидротехникалық құрылыс» мамандығының 2 курс студенті Темірлан Каркеев, «Экология және табиғатты қорғау қызметі» мамандығының 3 курс студенті Еламан Қырғызбай, «Жерге орналастыру» мамандығының 3 курс студенті Сулейман Дадаев, «Ақпараттық жүйелере» мамандығының 2 курс студенті Нурахмет Байсеркеев аталмыш білімгерлердің сайысында бақтарын сынаған еді.
Облыстық іріктеуден Еламан Қырғызбай мен Темірлан Каркеев онлайн дауыс беру бойынша жоғары дауыс жинап, Алматы облысы бойынша бір мекемеден екеуі топ жарды. Осылайша екі студентіміз 100 студент қатарына еніп, Қазақстан бойынша үздік деп танылды.
Колледждің үздік студенттерін марапаттау рәсіміне ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қатысып, алдағы кәсіби қызметтеріне табыс тіледі.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жақын арада біз оқуға түскісі келетіндердің барлығын сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін ТжКБ-мен 100% қамтуды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Жоғарыда атап өткен үздік студенттер колледжіміздің ғана емес, облыстың да мақтанышы деуге болады. Осындай шәкірттерге бағыт-бағдар беріп, колледжімізді республикалық деңгейде таныту үшін қажырлы еңбек етіп, жетелеген жетекшілері Эльмира Таубаеваға және Райма Дүйсеноваға колледж әкімшілігі мен ұжымның атынан үлкен алғысымызды білдіреміз!
Топ жарған үздіктерді жеңістерімен құттықтаймыз! Жеткен жетістіктеріңізбен тоқтап қалмай, алға ұмтылуды, өз ісіңіздің кәсіби маманы атанып, еліміздің дамуына үлес қоса берулеріңізге тілектеспіз!
Гүлмира ЛИЯСОВА,
Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Суретте: ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов пен Еламан Қырғызбай