Аптаның алғашқы күнінде Қонаев қаласында Алматы облысы әкімінің «Заңғар» жастар сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Облыс орталығының Мәдениет үйінде өткен игі шараға өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, құттықтау сөзін айтып, ізгі тілегін де білдірді.
«Ұлы ойшыл Әбу Наср әл-Фараби өз сөзінде: «Маған жастарды көрсетіңіздер, келешектеріңізді айтып беремін», – деген. Ертеңіміздің еңселі, болашағымыздың баянды болуы – сіздердің қолдарыңызда. Алматы облысының жастары белсенді, табысты, жан-жақты, креативті деп айтуға толық негіз бар. Сондықтан, сіздерді халыққа, қоғамға қызмет етуге, қай салада болсын Отанымыздың абыройын арттыруға үлес қосуға шақырамын. Баршаңызға зор денсаулық, оқуда озат, еңбекте табысты болуды тілеймін!» – деді құттықтау сөзінде облыс әкімі.
Жастарға жігерлі сөзін жеткізгеннен кейін облыс әкімі «Заңғар» жастар сыйлығының 10 номинациясы бойынша жеңімпаз атанған жандарға 250 мың теңгенің сертификаты мен байқаудың естелік сый-сияпаттарын табыс етті.
Жоғарыда аталған үздік ондықтың ішінде Қарасай ауданының абыройын арттырған, «Жас мемлекеттік қызметші» номинациясын жеңіп алған Жарылқасын Сақтаған да бар. Шара барысында ол облыс басшысының өз қолынан лайықты марапатын алып, құрметке бөленді.
Жерлесіміз бүгінде Қарасай ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінде бас маман ретінде қызмет атқарады. Алатау жастарының арасынан үздік атанған Жарылқасын Талғатұлын мерейлі марапатымен құттықтаймыз!
Естеріңізге сала кетейік, «Заңғар» сыйлығы шығармашылығы, қоғамдық қызметі, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін талантты жастарды қолдау мақсатында жыл сайын беріледі. Биыл бұл марапат мемлекеттік қызметші, дәрігер, ұстаз, спортшы, журналист, кәсіпкер, студент, волонтер, жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы, әдебиетші сынды әр салада еңбек етіп жүргендер арасында сарапқа салынды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.