Кез келген уақытта, кез келген қоғамда және мемлекетте сыбайлас жемқорлық әрекеттері және ол әрекет-термен күрес болған. Қазіргі қазақ қоғамындағы өзекті тақырыптардың бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес.
Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік құбылыс. Оның себебін, мағынасын толық түсіну мүмкін емес, деп есептейді ғалымдар. Демек, «сыбайлас жемқорлық» сөзінің астарында тек лауазымды тұлғаның пара алуы немесе бюджет қаржысын қалтасына басуы емес, сонымен қатар әлеуметтік жүйе, мемлекеттік билік жүйесінің құлдырау ұғымдары жатыр.
Жалпы Қазақстан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі қарқынды жұмыс істеуде. Мәселен, елімізде 2021 жылдың 11 айындағы қорытынды бойынша, республикада 1576 сыбайлас жемқорлық қылмысын тіркеді. Сыбайлас жемқорлық жасаған 1280 адам әшкереленген, оның 159-ы әртүрлі дәрежедегі басшылар. Мемлекет бюджетіне 20 миллиард теңгеден аса залал өтелді.
Ал биыл соңғы 6 ай ішінде еліміз бойынша 1 300-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелді. 800-ден астам тұлғаның жемқорлығы әшкереленді. Олардың 140-ы – түрлі деңгейдегі басшылар. Ауыр қылмыстарды анықтау 33 пайыздан астам өсті. Тергеу қорытындысы бойынша, 592 іс сотқа жіберіліп, 357 жемқор сотталды. Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға және оларды мемлекет меншігіне қайтаруға байланысты істерді тергеу ерекше бақылауда тұр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекетке 430 млрд теңге немесе шамамен 1 млрд АҚШ доллары сомасына активтер қайтарылған. «Оператор РОП» мекемесінің ісі бойынша да 180 млрд теңгеден астам қаражат мемлекетке қайтарылғанын жеткізді.Олар толықтай мемлекетке қайтарылып, әлеуметтік мақсаттарға жұмсалып жатыр. Құны 57 млрд теңге болатын 600-ден астам теміржол кіреберістері мемлекет бақылауына өтті. Әңгіме, сала өкілдерінің тілімен айтқанда, «соңғы шақырымдар» туралы болып отыр.
Сонымен қатар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысында да жемқорлық әрекеттер анықталуда. Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бөлінген 39 млрд теңге тиімсіз игерілген. Инвестициялық жобаға арналған деген желеумен кей жер учаскелері конкурстан тыс берілген. Несие беруде де заңбұзушылықтар көп. Аталған фактілер бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың лауазымды тұлғаларына қатысты 11 қылмыстық іс тіркелді. Келтірілген шығын 7 млрд теңгеден асады.
Ал, Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті биыл 9 айында 99 сыбайлас жемқорлық фактісін тіркеді. 65 адам жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 13 түрлі дәрежелі басшылар бар. Жалпы жемқорлық картасында Алматы облысының әлеуметтік тұрақтылығына әсер ететін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың атына халық тарапынан қоғамдық резонанс пен сын көп түсетін 3 бағыт айқындалған. Олардың арасында денсаулық сақтау, білім және жер қатынастары бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Бектеновтың айтуынша, проблемалық мәселелерді шешу үшін осы бағытқа мониторинг жүргізу басталған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жан-жақты күрес жүргізіліп жатса да, қоғамға қауіп төндірген бұл дерт ауыздықталмай отыр. Мектеп қабырғасынан адалдық сабақтарын өткен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастырған ұрпақ мемлекеттік қызметке, ел басқару ісіне келсе, Ұлыбритания мен Сингапурдағы жағдай Қазақстанға да келеді деген үміт бар. Жемқорлықтың салдары елдегі сапасыз жолдарға, ауруханалардағы өлімнің көбеюіне, шатыры ұшқан мектеп ғимараттарының көбеюіне әкеп соқты. Заң аясында сыбайлас жемқорлықтың салдарымен емес, себебімен күресті күшейту керек.
Бұрым ОРЫНБАСАР.