Халыққа бұрыннан таңсық емес болып саналатын «сыбайлас жемқорлық» түсінігі – уысында ұстатпайтын уақытпен бірге тамырын жайып, қаншама өзіне қарсы шараларға қауқары жеткен қоғамға қауіпті кесел. Қаражаттың тәтті дәмін сезетін бұл дерт әлемдегі дамушы елдерден әлі айналып кете қойған жоқ. Оның ішінде жемқорлықтың жетегінде өмір сүріп келе жатқан біздің мемлекет те бар.
Қазақстанның өркендеуіне тосқауыл болатын мұндай қоғамның жауын жою үшін қазіргі уақытта арнайы іс-қимыл агенттігі күресіп келеді. Алайда олардың жыл сайынғы сансыз статискасы мен оның алдын алу амалдары түбегейлі жемісін берді деп айту әлі ертерек. Өйткені жемқорлыққа жаны құмар жандардың айналасы тазара қоймағаны түсінікті.
Біздің елімізде 2022 жылдың 2 ақпанында Мемлекет басшысының арнайы Жарлығымен бекітілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бар. Оны жоғарыда атап өткен агенттік ресми сайтында жариялады. Онда елдегі жемқорлықтың ахуалы, халықаралық тәжірибеге шолу, осы саясатты дамытудың тәсілдері сияқты бірнеше қағида нақты жазылған. Әрине, осындай жоспарлы жұмыстың жүйелі атқарылғаны дұрыс-ақ. Десе де, «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» деп ұрандатқанымыз құр сөз болмау үшін сыбайлас жемқорлыққа әрбіріміз қарсы тұра білуіміз керек. Оның жолын бөгеу үшін бізде барлық амал қарастырылған. Тіпті, осындай жайтты хабардар етіп немесе сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимылға жәрдем көрсеткен жандарға ынталандыру сыйақысы беріледі. Оңай олжаға кенелудің бұл тәсілін бірі білсе, бірі білмейді. Мәселен, ағымдағы жылдың 6 айында жемқорлыққа қарсы фактіні хабарлаған үш алматылық 640 мың теңге сыйақыға ие болған. Бұл ресми ақпаратты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жария еткен болатын. Ақшалай сый-құрметке кенелу үшін бар болғаны жемқорлық жайтын құзырлы органға тәулік бойы жұмыс істейтін «1424» сенім телефонына қоңырау шалсаңыздар жеткілікті. Көпке түсінікті бол үшін біржолғы сыйақы мөлшерінің біріне тоқтала кетейік. Егер сіздер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша ақпарат жеткізсеңіз, 30 АЕК көлемінде қаражат алуға мүмкіндігіңіз бар. Сол сияқты басқа да сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстың дәрежесіне сай сыйақылар төленеді.
Жоғарыда атап өткен тәсіл – жемқорлықты жоюдың жалғыз жолы емес. Ең бастысы, оған қоғам болып төтеп беруіміз керек. Біз кейде жалпақ тілмен «қоғам – өмірдің айнасы» деп жатамыз. Бірақ оның мағынасын тереңінен түсіне бермейміз. Шынтуайтына келгенде, бұл дұрыс тұжырым. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолданар қаруды іздейтін болсақ, оны өзіміздің ортадан табу керек. Сондықтан қоғамның санасы сілкінбей, індеттен арылу мүмкін емес. Ол үшін ұрпақ тәрбиесінен бастау маңызды. Өскелең жастарды адалдыққа, әділдікке, турашыл болуға, парасат биігінен көрінуге үйретсек, өркениетті елге айналатынымыз сөзсіз. Сонымен қатар жемқорлыққа төтеп беретін мәдениетті қалыптастырсақ, азаматтық позициямызды әділдік жағынан көрсетсек, өз құқығымызды таптатпауға жол бермесек, жемқорлық қоғамда дендемейтіні айдан анық.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.