Қолына дипломын алып, бір-бір мамандықтың иесі атанған жастар міндетті түрде жұмысқа орналасуы тиіс. Бұл – егемен еліміздің алдына қойған басты міндеттерінің бірі. Алайда бүгінде жұмыс берушілер аз болса да, тәжрибесі бар мамандарды қызметке қабылдауға тырысады. Ол оқу орнын жаңа ғана тәмамдаған түлектер үшін тиімсіз. Осы өзекті мәселені шешу мақсатында қазіргі таңда оқу орындары кәсіпкерлермен ынтымақтастық туралы меморандум жасасу сияқты әртүрлі іс-шаралар атқаруда. Соның бірін аптаның сейсенбісі Қаскелең қаласында орналасқан С.Жандосов атындағы кәсіптік-техникалық колледжі ұйымдастырды.
Нақтырақ айтқанда, аптаның сейсенбісі күні колледж басшылығы «Жұмыс беруші күні» аясында үшінші курс студенттеріне аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары мен ауданымыздағы демеуші кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Оның барысында «тәлімгерлер – студент – кәсіпорын» бағытындағы мәселелер, кәсіби бағыттау, жұмысқа орналастыру тәрізді сұрақтар талқыланды.
Шараны колледж директоры Рүстем Бакиров ашып, оқу орнында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.
– Біздің колледжімізде білімгерлер «газ бен электр дәнекерлеуші», «автокөлік жөндеуші», «слесарь», «механик», «электрик», «аспаз», «тігінші», «шашатараз» мамандықтары бойынша білім алуда. Қазіргі таңда бұл мамандықтар ең қажетті деп ойлаймыз. Осы мамандықтарда оқып жатқан студенттеріміздің жеке тұлға ретінде мықты маман иесі болып қалыптасуына жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Өз тарапымыздан біз оларға тек сапалы білім беріп қана қоймай, сондай-ақ оларды болашақта жұмыспен қамту үшін көптеген кәсіпорындармен меморамдумдар жасап жатырмыз, – деді Рүстем Тохтағанұлы.
Мұнан кейін сөз кезегі электр құрылғыларын жасайтын «Елкос» ЖШС-нің директоры Дархан Битимшиновқа беріліп, ол жиналған студенттерге білікті маман болу үшін ең алдымен өздерінің оқып жатқан мамандықтарын жақсы меңгерулері керек екендігін айтып, оларға барынша қолдау көрсететіндігін жеткізді.
Ал аудандық жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Абылай Зуайда студенттерге жастар практикасы, өз ісін бастағысы келетіндерге қайтарымсыз грант сияқты мемлекеттік бағдарламалар жайлы кеңірек ақпарат берді. Сондай-ақ оқуды аяқтайтын білімгерлерге ай сайын ауданымыздың орталығында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтетіндігі жайлы да айтып өтті. Бүған қоса жиын барысында келген мамандар мен кәсіпкерлер кәсіпкерлікті дамыту, маман даярлау тақырыбында тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті мәселелер бойынша туындап отырған кедергілердің шешу жолдары туралы әңгімеледі.
Іс-шараның соңында жұмыс берушілерге студенттер өз сауалдарын қойып, оған тұщымды жауап алды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.