Осыдан екі жыл бұрын сол кездегі облыс әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен оқушыларды тасымалдауға арналған облыс бойынша жалпы білім беру мекемесіне 71 автобус сатып алынған болатын. Соның 11-і арнайы Қарасай ауданына бөлінді. Алайда пандемияның салдарынан күні бүгінге дейін бұл көліктердің жүруіне қатысты бірқатар мәселе туындағанын айта кеткен жөн. Десе де бәрі оңды шешіліп, биылғы оқу жылының ІІ тоқсанында барлығы іске қосылды.
Жаңа автобустардың жүру барысын аудан әкімі Жасұлан Естенов өзі бақылап, 11 көліктің алтауы, яғни, ең көбі бөлінген Кемертоған орта мектебіне арнайы барды. Көліктердің жай-күйімен танысып, оқушылардың көптігін ескеріп, округ әкіміне мектеп алдындағы жол қозғалыс ережелерін қадағалауды тапсырды.
Қарасай аудандық білім бөлімінің мәліметінше, автобустардың қалғаны, яғни, екеуі Жамбыл ауылындағы №2 орта мектепке берілсе, қалғаны бір-бірден Б.Қосынов, Ушинский және Қырғауылды орта мектептеріне бөлінген.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.