Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласын одан әрі дамытуға арналған мәжіліске қатысты. Жиында Мемлекет басшысы бірқатар тапсырмалар беріп, елорданың 20 жылдық мерейтойына тыңғылықты дайындалу қажет екенін ескертті.
Іс-шараға төрағалық еткен Президент кіріспе сөзінде тарихқа шолу жасап, Астананың ел дамуындағы маңызына тоқталды. «Бұрынғы Ақмола қаласының төңірегі қандай болғаны бәрімізге белгілі. Жаңа қаланың орны мидай дала еді. Қазір қаланың осылай дамығанына өзім де таңғаламын. Біз ата-бабамыздың арманын орындап, Сарыарқаның төрінде ел ордасы – Астананы салдық. Дүние жүзі тамсанып, таңғалатын шаһарға айналдырдық», деді. Мемлекет басшысы қажымай-талмай, ауа райы қолайсыз кездерде де кідірмей еңбек еткен құрылысшыларға, монтажшыларға, қаланың іші-сыртын тазалаған, абаттандырған жұмысшыларға ризашылығын білдірді. Санаулы жыл ішінде миллион тұрғыны, ауқымды инфрақұрылымы бар, жаһандық деңгейдегі жиындар өтетін, әлемге танылған шаһар салып, оны бейбітшілік пен келісім қаласына айналдыруға қазақстандықтардың жұмыла үлес қосқанын айрықша атап өтті.
Бұдан кейін Астананың дамуы бойынша қала әкімі Әсет Исекешев баяндама жасады. Қала басшысы елорданың ел мақтанышына айналғанын айта келіп, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспармен бөлісті.
«Елордамыздың 20 жылдық мерекесін барлығымыз бірлесіп атап өтуіміз қажет. Бұл – елдің қуанышы. Қаланы қалай салып, іргесін қалай көтергенімізді баршаңыз білесіздер. Астана экономикалық дамудың драйверіне айналып, 20 жыл ішінде қаланың жалпы өңірлік өнімі ұлғайды. Инвестиция тарту бойынша көшбасшыға айналды», деді Президент. Мемлекет басшысы бас қалада ең ірі корпорациялар, трансұлттық компаниялардың кеңселері жұмыс істейтінін, отандық кәсіпорындар, қаржылық әрі өндіріс ұйымдары қызмет атқаратынын сөз етті. Сонымен қатар, Астананың дамуына, оның маңызына тоқталды.
Бұдан бөлек Н.Назарбаев бірқатар нақты тапсырмалар беріп, Астананың 20 жылдық мерейтойына тыңғылықты әзірлену қажет екенін жеткізді.
(«Егемен Қазақстан» газетінен ықшамдалып алынды).