Тілшілік тіршілікте қалтқысыз қызмет етіп, қолынан қаламын тастамаған ардагер-журналистер туралы сөз қозғағанда алдымен менің ойыма әріптес болған, өзім сияқты жастардың басылым бағытына жол сілтеуге септігін тигізген Берікбай Қадықов еріксіз ойға оралады. Бір редакцияда қызмет ету сәті бұйырған ағамыздың айтқан ақылы бүгінде онымен қызметтес болған, ақпарат айдынында жүрген жандарға азық болып жүр десем артық айтқаным болмас.
Кішілермен ізеті, үлкендермен сыйластығы жарасқан, журналистика саласында қаламын серік етіп, 40 жылдан астам еңбек еткен біз айтып отырған Берікбай Елеусізұлы мерейлі 70 жасқа толуда. Ол кісінің әлі күнге дейін қалам тербеп, жазарын тоқтатпауы, қоғамдық жұмысқа белсене араласуы жетпісіне кедергі болып жүрген жоқ.
Оқушы кезімде әдебиетке жақын болғандықтан, аудандық газетке бір рет мақала жариялаған болатынмын. Қателеспесем, 2008-2009 жылдар ғой деймін. Сол кезде шимай-шатпағымды аталмыш басылымда жұмыс істейтін Берікбай аға қабылдаған еді. Одан кейін мектеп қабырғасында Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовпен кездесуге арналған бір шарада болып, Берікбай Елеусізұлы екеуіміз Әз ағаның өз қолынан қолтаңбасымен кітап алдық.
Өмір қызыққа толы ғой, шіркін! Қаншама жылдан кейін ардагер-журналистпен бір салада қызмет етемін деп кім ойлаған? Жалпы менің аудандық газетте еңбек етуім де, Берікбай ағамен әріптес болуым да кездейсоқ болды.
…2018 жылдың күзі еді. Дәл сол күні жұмыс уақыты аяқталып қалған. Іштей қорқыныш мазалағанымен, бойдағы батылымды жинап Қарасай аудандық «Заман жаршысы» газетінің редакторы Атлана Жанатқызы отыратын есікті қақтым. Ақпарат саласындағы тәжірибемнің жоқтығын ашық айтып, журналистикаға қатты қызығатынымды жасырмай, еңбек етуге дайын екенімді жеткіздім. Тақырыпқа арқау болып отырған Берікбай Қадықов сол кезде аталған редакцияда әлі де қызмет етеді. Әріптес атануымыз осы шақтан басталды.
Міне, осылайша менің ақпарат айдынында жүзуіме бірден-бір себепші болған газет редакторы, аудандық мәслихаттың депутаты Атлана Исаева болса, қалам тербеуімді қамшылатқан екінші адам – Берікбай Қадықов.
Көп жерде өзіңмен жас шамалас адамдармен ғана әңгімең жарасып жататыны рас. Бірақ Берікбай ағамен талқылайтын тақырыбымыз таусылмайтын. Өзім сияқты жас журналистердің жазғанын түзеп, айтар ақылын бүкпей бөліседі. Талай әңгімеге қосар ортақ ойы да жақсы жарасып жатады. Жайдары мінезі бар, көптің көңілін қалдырмайтын, жолдастарымен қарым-қатынасы үзілмеген Берікбай Елеусізұлы осындай.
Қаламы жүйрік журналистің осы салада 40 жылдан астам елеулі еңбек етуі оның табандылығының арқасы деп білеміз. Жетпіс жасына дейін сүбелі сөздерін мардымды мақалаға арқау еткен Берікбай ағаның есімі бүгінде республикаға танымал. Ал оның осы уақытқа дейін жүріп өткен жолын бірі білсе, бірі білмес.
Берікбай Қадықов – Шудың бойында орналасқан киелі Мойынқұмның тумасы. Бірлік ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, сол жылы мемлекеттік комиссияның жолдамасымен Жамбыл облысы Мойынқұм аудандық газетіне жұмысқа барып, әр жылдары тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болған. Студент шағында Алматы облыстық «Жетісу» газетінің редакциясында төрт жыл қатарынан тәжірибеден өткен. Бір жарым жыл аудандық партия комитетінің идеология бөлімінде нұсқаушы қызметін атқарса, кейін осы басылымды 21 жыл бойы бас редактор ретінде басқарған.
Берікбай Елеусізұлы туған өлкесі Мойынқұм ауданында ақпарат саласына маңдай терін төге жүріп, халықтың үнін жеткізуші қалаулылардың да қатарынан табылды. Анығын айтқанда, кезінде аудандық кеңес пен аудандық мәслихатқа бес рет депутат болып сайланғанын да айта кеткен жөн.
2009 жылдан 2022 жылдың ақпанына дейін Алматы облысы Қарасай аудандық «Naqty» газетінде (бұрынғы «Заман жаршысы») тілші, бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. Құрылғаннан бері Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің құрамында.
Берікбай Елеусізұлы – 1985 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Президенттің Алғыс хатына, ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Құрмет грамоталарына, Қазақстан Журналистер Одағы дипломына, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасына ие болған. Жамбыл облысына сіңірген еңбегі ерекше бағаланып, кеудесіне төсбелгі таққан. Сонымен қатар Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының, Қарасай ауданы әкімінің Алғыс хаттарын алған.
Біз жіпке тізгендей атап айтқан мерейлі марапаттардың қатарында «Қазақстанның Құрметті журналисі» атты танымал төсбелгісі де бар. Мұндай наградаға, әрине, Берікбай Елеусізұлы сияқты қаламы қуатты, республикаға танымал журналист қана лайықты деп білеміз. Республикаға танымал деп жазудың да өз себебі бар. Неге десеңіздер, ағамыздың оқырманға орнықты ой салатын, тың ақпаратқа толы мақалалары еліміз бойынша таралымы мол «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Түркістан» одан бөлек бұрынғы Алматы облысының «Жетісу» мен Жамбыл облысының «Ақжол» газеттері сияқты бірқатар баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрады. 80-жылдардың басында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде көптеген мақаласы жарық көрген. Сондай-ақ тағы алып қосатын нәрсе – тәжірибелі тілшінің редакторлығымен бірнеше кітап та жарық көрген болатын.
Ардагер-журналистің Қарасай ауданына сіңірген еңбегі де ерен. Оны айтпасқа тағы болмас. Қоғамдық кеңестің құрамында жүріп, аудандық газетте тілшілік қызметін атқарып, ауданның әлеуметтік мәселелерін көтеріп, оның шешілуіне барынша үлесін қосып келді. Осындай ілгері, ілкімді істері жоғары бағаланып, былтыр «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды.
Бүгінде ағамыз өмірлік жары Бота Мырзабекқызымен ұл-қыздарының және олардан тараған ұрпақтың қызығын көріп, орнықты отбасында бақытты ғұмыр кешуде. Ақпарат саласының дамуына үлес қосып, қалам ұшындағы ойларын қағазға түсіріп, бірнеше басылымдар арқылы таратуын тоқтатқан емес.
Мерейлі 70 жасыңыз құтты болсын, Берікбай Елеусізұлы! Қарасай аудандық «Naqty» газетінің ұжымы Сізге күйлі-қуатты денсаулық, ғибратты ғұмыр тілейді. Ұрпағыңызбен көрер қызығыңыз таусылмасын. Қажыр-қайратыңыздың арқасында қашанда абырой биігінен көріне беріңіз!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.