Күні кеше ғана ортамызда жүрген аяулы әріптесіміз, құрметті басшымыз Дина Садыханқызы Нүпбаева қазан айының алғашқы күні өмірден озды. Ұжымға осындай суық хабар жеткенде сенерімізді білмей, есеңгіреп қалғандай жағдайда болдық.
Кәсіби маман барлық саналы ғұмырын статистикаға арнады. Бұл саладағы қызметін 2010 жылы бастап, жетекші маманнан басшылық қызметке дейінгі барлық деңгейді үлкен жауапкершілікпен атқарды. Мен Дина Садыханқызымен 10 жылға жуық әріптес болдым. Сондықтан ол кісіні тек басшы ретінде емес, сенімді әріптес, сырлас құрбы, ардақты жан ретінде ерекше бағалаймын.
Сегіз жыл бұрын оны Қарасай аудандық статистика басқармасының басшысы қызметіне тағайындалуы кездейсоқ емес. Д.Нүпбаева әрқашан бастамашылдығымен, инновациялық өзгерістерге, шығармашылық қызметке дайындығымен, идеяларды түрлендіре білуімен, мақсатты жұмыс істей білуімен, негізгі проблемаларды көре білуімен және оларды шешу жолдарын таба білуімен ерекшеленді. Ол өз саласындағы жұмыстарды аса нақтылықпен орындап, талдаудың дұрыстығына үлкен мән беретін.
«Аяулы ғой кісіде тек кісілік, инабаты, қасиеті кішілік», – деген cөздер дәл нақты осы әріптесімізге арналғандай. Жүрегіне жақын жұмысын жан–тәнімен сүйіп, жанындағыларға әрдайым қол ұшын созып, алтын уакытын аяған емес. Оның жүрек жылуы мен мейірім шуағын ұжымдағы барлық қызметкерлер сезінді. Дина Садыханқызы бірімізге анамыздай, екіншілерге туысындай ақыл-кеңесімен бөлісіп, қолдауы мен көмегін аянбайтын еді.
Аяулы әріптес, ардақты басшымыз жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын! Иманыңыз жолдас болсын!
Жұмақан ҚОЖАЕВА,
Қарасай аудандық статистика
басқармасының бас маманы.