Азаматтардың жекелеген санаттарына материалдық көмек көптеген себептер бойынша әртүрлі нысандарда көрсетіледі. Бұл субсидиялар және басқа да мемлекет тағайындаған қолдау түрлері. Мұндай көмек мектептегі тамақтандыру саласында да бар. Белгілі санаттағы отбасылардың балаларына түскі ас беріледі. Иә, расымен мектеп оқушыларының жақсылап ауқаттанып, пайдалы ас ішкені маңызды. Бүгінде өңірдегі барлық білім беру ошақтарында ыстық тамақ қарастырылған. Оның ішінде, Қарасай ауданы бойынша 7714 балаға түскі ас тегін беріледі. Осы орайда мектепте тегін тамақтануға кімдер құқылы және оны қалай алуға болатынына тоқталсақ. Атап айтқанда, бұл санатқа мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, басқа отбасында тұратын, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар жатады.
Мектепте тегін тамақ ішуге құқылы екенін анықтаған соң оған қалай өтініш беру керек екендігі жайлы айтуды жөн санадық. Бұл көмектің кез келген басқа түрі сияқты автоматты түрде күшіне енбейді. Оқушылардың тегін тамақтануға өтініш беру мерзімі өңірлік деңгейде белгіленеді, әсіресе, мектеп әкімшілігіне хабарлау арқылы. Бірақ көп жағдайда олар оқу жылының басынан мамырдың соңына дейін созылады. Егерде жыл ортасында отбасында нәресте дүниеге келіп, көп балалы отбасы мәртебесін иеленген жағдайда сол отбасы аталған күннен бастап көмек түріне өтініш бере алады.
Тегін тамақтануға өтініш беру үшін ата-аналар мектеп әкімшілігіне келесі құжаттарды ұсынуы керек: білім беру мекемесінің директорына жазылған өтініш; отбасының қазіргі құрамы туралы толық ақпарат беретін анықтама, баланың туылуы және оның өтініш берушімен қарым-қатынасын растайтын құжат; өтініш берушінің ата-анасының немесе қамқоршысының жеке куәліктерінің көшірмесі. Тегін тамақтану үшін мектеп әкімшілігіне ұсынылуы қажет құжаттардың толық тізбесін оқу орнының әкімшілігінен табуға болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.