Бірінші қыркүйек әр мектеп жасындағы балалар үшін тамаша мереке болып өтетіні көпке белгілі. Себебі бұл күні оқушылар жаз бойы демалыста жүріп, сағынған мектептерінің есігін ашып, сыныптастарымен қауышады. Ал бүлдіршіндер алғаш рет оқу ордасының табалдырығын аттайды.
Дәл осы күні ауданымыздың барлық білім ордаларында алғашқы қоңырау соғылып, салтанатты жиындар ұйымдастырылды. Аталмыш мерекені Қаскелең қаласындағы С.Керімбеков атындағы орта мектебі де өзге білім ошақтары сияқты Білім күні мерекесін салтанатты түрде атап өтті. Биылғы жылы табалдырығын 211 бүлдіршін аттағалы отырған мектептің мерекелік шарасына аудан әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысты.
Еліміздің Гимні орындалып, көк туы көкте желбіреген салтанатты шарада аудан басшысы жиналғандарды айтулы мейраммен құттықтап, оқушыларға ізгі тілегін білдірді.
– 1 қыркүйек – айтулы және жалпы халықтық мереке. Бүгін мектепке бірінші рет келетін қаракөздеріміз үшін алғашқы қоңырау соғылып, білімге, ілімге деген ғажайып жаңа өмір жолы басталатын күн. Жалпы жаңа оқу жылы өмірімізде игі дәстүрге айналып, бірталай ұрпақтарды біріктірді. Осы ретте барша оқушылар, ұстаздар мен ата-аналарды білім жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Мектеп ұжымына алдағы оқу жылында межеден жаңылмай, толағай табыстарға жете беруіне тілектеспін, – деді өз лебізінде Жасұлан Тоққожаұлы.
Одан кейін сөз алған мектеп директоры Қанат Байғараев мектептің өткен жылы жеткен жетістіктеріне тоқталып, жиналған ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім ордасына жаңа қадам басқан кішкентай шәкірттерге сәттілік тіледі.
Жаңа оқу жылындағы құттықтаулардан кейін егемен елдің болашақ ұрпақтары, мектепке енді ғана қадам басқан бірінші сынып оқушылары жалықпай білім іздейтіндіктерін білдіріп, өлең шумақтарын оқыды. Оларға мектеп бітіруші түлектері қанаттарының талмауын тілеп, ізгі тілектерін өлең жолдары арқылы білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.