Ашылғанына алты айдың жүзі болған Кемертоған орта мектебінің нартәуекелге барып, үлкен республикалық семинар өткізуін ерлік деуге болады. Аз ғана уақыттың ішінде қаншама іс шаралар, спортық жарыстар,өнер сайыстары,мәдени шаралар, ҰБТ-ға дайындық сабағы, әдістемелік, денгейлік курс сабақтары, т.б. игілікті істер атқарылды. Соның ішінде ауқымы кең « Білім мазмұнын жаңартуда оқушылардың білім сапасын арттыру» атты республикалық семинар-кеңесті айтуға болады. Семинарға келген аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнәр Такимова былай деді: «Қазіргі таңда елімізде ғажайып рухани сілкіністер белең алды. Мемлекетіміз аса қамқорлық жасап отыр. Мұғалімдердің мәртебесін көтеріп , жалақыларын өсіріп, білім алу үрдісіне қатты көңіл бөлуде. Мәселең, аудан бойынша 4800 мұғалім болса, соның 2000-дайы арнайы курс сабағын оқып алды. Әрбір ұстаз алдымен оқушысының көкірек көзін ашуды ойлауы тиіс». Мұнан кейін сөз алған мектеп директоры Анар Айдымбаева оқушылардың білім сапасын көтеру, мұғалімдердің әдістемелік әдіс-тәсілдерді меңгеріп, балалардың дүниетанымың, ой өрісін кеңейту мәселесіне көңіл бөлді. Ал, «Өрлеу» біліктілікті арттыру республикалық институтының «Тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушылары Н.Тайтанова, А. Махамбетова, О. Жақсым, А.Саховалар мұғалімдердің ізденістерін оятып, сана-сезімдеріне сәуле түсірді. Жаңартылған бағдарлама бойынша «ҰМЖ,ОМЖ,ҚМЖ» секілді негізгі жоспарларды талдап, саралай түсіндіріп бағыт-бағдар берді.Топпен қалай жұмыс жасау керек екенін айта келе, жаңартылған бағдарламаның қыр-сырын терең меңгерген тәлімгер тренер Нұржамал Тайтанқызы өз сөзінде: «Мәңгілік ел бағдарламасы бойынша жаңартылған бағдарламаның аты айтып тұрғандай үлкен өзгеріс жасалды. Бұрынғыдай білім беріп қана жүру емес, қазір нәтижеге басты назар аударылып отыр. Оқушының сана сезімі оянып, елге деген патриотизмі ұлғаюы үшін, оларға қозғау керек. Өзімізді дереу өзгертіп, біліктілігімізді арттыруымыз қажет. Адами құндылықтар өлшемі мен ұстаным өмірлік бағытты айқындайды. Демек, әрбір жүргізген сабағымыз спирал секілді күшейіп өсе береді» деді.
Семинарда сексенге жуық мұғалім пікір бөлісті. Мектептің алты жерінде ашық сабақтар, шеберлік сабағы, арнайы коучинг жүргізілді. Кітапхана залында мектептің тренерлері С.Тайтанова, А.Өмірбекова, Л. Каниева талдау жасап, қызықты ашық сабақтар өткізді. Түркстан, Талдықорған өңірінен келген мұғалімдер ойларын ортаға салды.
Семинар кітапхана залында қорытындыланды. Аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Нұрғазы «Lesson study» сабақты зерттеу әдісі бойынша шеберлік сабағы туралы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының аға оқытушысы О.Жақсым ой бөлісті. Семинардың жоғары деңгейде жүргізілгеніне ,мұғалімдердің дайындығына, мектептің құрал-жабдықтарының толық іске қосылғанына, сабақтардың жоғары деңгейде өткеніне бәрі риза болды. Кемертоған орта мектебі мен «Өрлеу біліктілікті арттыру ұлттық орталығы » өзара жұмыс істеуге келісімге отырды.
Бақытбек АТА,
Кемертоған орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.