Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Ата-аналар балаларына мектепке қажетті заттарын сатып алатын кез. Осыған орай ауданымыздың әр аймақтарында мектеп тауарларының жәрмеңкесі өтуде.
Аталмыш шара жылда дәстүрлі түрде еліміз бойынша өтетін «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы аясында ұйымдастырылып отыр. Оның басты мақсаты – ата-аналар алысқа бармай балаға керек барлық мектеп құралын бір жерден алу, сондай-ақ қараша халыққа қажетті заттарды нарықтағы бағадан төмен ұсыну.
Мектеп тауарларының жәрмеңкесі демалыс күндері Қаскелеңдегі «Жер ана» базарының автотұрағы мен орталық кітапхананың алдында және Іргелі округіндегі «Moll Aport» сауда және ойын-сауық кешенінің аумағында ұйымдастырылды. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің атсалысуымен өткен шарада ата-аналар балаларына мектепке қажет қаламсап пен дәптерден бастап, мектеп формасы мен сөмкеге дейін қажетті мектеп құралдарын қолжетімді бағаға сатып алды. Барлық баға – нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен.
«Moll Aport» сауда және ойын-сауық кешеніндегі айтулы шара күнделікті, ал «Жер ана» базарының автотұрағындағы жәрмеңке аптаның сенбі, жексенбісінде өтетінін айта кеткен жөн.
Бір ескере кетерлігі, аталмыш акция қыркүйек айының біріне дейін жалғасады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.