Мас күйінде көлік айдаған жүргізушілердің кесірінен жол апаттары, жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтар, өз-өзіне қол жұмсаулар және ауданда күнделікті орын алып жатқан тәртіп бұзушылықтар кездесетіні жасырын емес. Бүгінде мұның барлығы дерлік біздің ауданымызда өзекті, толықтай шешімі табылмай жатқан мәселелер болып отыр. Осы ретте өткен аптаның жұмасы күні ауданымыздың прокуроры Жәнібек Жақаев қала, округ әкімдерімен және бөлім басшыларымен ведомства аралық жиын өткізді.
Аудан әкімінің орынбасары Айжан Нұрділдәқызы жүргізген отырыс барысында көтерілген мәселелердің алғашқысы алкоголдік сусындарға тыйым салу болды. Нақтырақ айтқанда, жиналғандарды Жәнібек Оразбекұлы ішімдіктерді тоқтату үшін прокуратураның дайындап жатқан іс-шаралар жоспарымен таныстырды. Бүгінде елімізде ішімдіктерді түнгі 23:00-ден кейін сатуға тыйым салынғанымен ауданымыздағы көптеген дүкендер заңға бағынбай арақ-шарапты шектеусіз сатуда. Осының кесірінен ауданымызда күндіз де, түнде де араққа тойып алып, неше түрлі тәртіп бұзушылықтарға баратын адамдардың саны көбейген. Мәселен, осы жылы ауданымызда 10 қылмыс орын алса, соның 8-і маскүйінде жасалған. Осы ретте Жәнібек Жақаев қала мен округ әкімдеріне бірлесе жұмыс атқару керектігін тілге тиек етіп, рейдтік іс-шараларды арттыруды ұсынды. Прокурордың бұл ұсынысын қатысқандардың барлығы бір ауыздан қолдады. Алдағы уақытта дүкендерге тексеру жұмыстары жүргізіліп, ескертулер берілетін болады. Егер де дүкендердің иелері жасалған ескертулерді ескермейтін болса, онда оларды әкімшілік жауапкершілікке тартып, ішімдіктерді сатуға арналған лицензияларынан айыру көзделуде.
Оған қоса жиын барысында көшелерде бейнебақылау камераларының жетіспеушілігі де сөз болды. Бүгінде ауданымыз бойынша өте аз бар-жоғы 150 бейнебақылау камера ғана орнатылған. Бұл ең бірінші кезекте көлік апаты сияқты өзге де тәртіп бұзушылықтар орын алған жағдайларда ыңғайсыз. Себебі камералар барлық көшелерде орнатылмаған. Бұл ретте Жәнібек Жақаев осы бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне аудандық Полиция басқармасымен ақылдаса келе, облысқа көбірек камера орнатуға өтініш беруді тапсырды.
Мұнан бөлек отырыста аудан прокуроры жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзушылықтар мен өзін-өзі қол жұмсаулар мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, соңғы көрсеткіштер бойынша ауданымыздың жасөспірімдерінің арасында жасалатын әртүрлі тәртіп бұзушылықтар көбеймесе, азамай отыр. Көптеген заңға қайшы әрекеттерді жеткіншектер түнде көше торуылдап жүрген кезде жасаған. Осы ретте аудан прокуроры кешкі рейдтік шаралар санын артыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ аталған мәселелерді шешу үшін ең алдымен мектеп директорларымен да жеке жиналыс өткізіп, қиын жасөспірімдермен қалай жұмыс жасау қажет екенін түсіндіру керектігін де жеткізді.
Бұған қоса шара барысында Жәнібек Жақаев қала мен округ әкімдерінің өздерінің аймақтары бойынша көтерген проблемалары мен жоғарыда айтылған мәселелер бойынша ұсыныстарын тыңдап, оларды шешу үшін барынша қолдау көрсететіндігін білдірді.
Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өткен жиында жоғарыда айтылғандардан бөлек ауданымызда орын алып жатқан өзге де бірқатар мәселелер сөз болып, олардың шешу жолдары айтылды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.