Жаздың соңғы айларында күздің қара суығы сезіліп, қараша халық осы кезден бастап қысқы маусымға қамданатыны белгілі. Қарасайлықтардың көмірге деген сұранысы қандай мөлшерде екенін бақылау үшін Жібек жолы ауылдық округіндегі тұйықтарға арнайы баруды жөн санадық. Қара отынға жауапты кәсіпкерлермен тілдесіп, ауданға келетін көмірдің сапасы мен көлемі жөнінде әңгіме қозғадық.
Іргелес орналасқан тұйықтардың көбісінде табиғи отынның мөлшері жеткілікті. Шағымданып жатқан халық жоқтың қасы. Алайда Қарағандының «Қаражырасы» мен Семейдің «Шұбаркөлін» саудалайтын кәсіпкерлер қазіргі уақытта сұраныс қатты білінбейтінін жеткізуде. Олардың айтуынша, қыстың алғашқы қары түскенде-ақ тұйықтардың алдында тұрғындардың қарасы қалың болады. Ұзын-сонар кезек осы кезде байқалатын көрінеді.
Қазіргі уақытта көзімізбен көргендей, тұйықтардың әрбірінде көмірдің тапшылығы білінбейді. Мәселен, тек қана «Қаражыраны» ұсынатын «Әлем көмір» базасы көмірдің жеткілікті мөлшерде екенін айтып, халық тарапынан ешқандай шағым болмағанын жеткізді.
– Біздің фирма тек қана «Қаражыраны» сатумен айналысады. Оған деген тапшылық жоқ. Былтырғы бағалары 14 000 және 14500 теңге болған. Биыл теміржол тарифтерінің артуына байланысты, 15 500 теңгеден сатып жатырмыз. Көмірдің құнының өзгеруі бізге жөнелтетін кен орындарына байланысты, – деп түсіндірді «Әлем көмір» базасының өкілі Мирас Жолдыбаев.
Ал «Транссервис» ЖШС-нің директоры Айдар Рахимов көмір тиелген вагондардың аздығына ашынады. Айтуынша, кыс түскен уақытта халықтың сұранысы артып, бүгін тұрған 5-6 вагондағы көмір бірден таусылып қалады. Сол үшін қазірден бастап қара отынның мөлшері көп келуі тиіс екен. Сонда ғана күн суытқанда көмірдің тапшылығы болмайды. Дәл осылай ойын жеткізген компания басшысы қолда бар «Шұбаркөлдің» бағасы 14 800 теңге және оған деген сұраныс Жамбыл облысына қарасты Қордай ауылы жақтан табылатынын айтты. Өйткені ол жақтың халқы қысқа ерте дайындалады екен.
Табиғи отынның қажеттілігі қатты білінетін уақыт – күздің қара суығы басталғанда. Бұл сөзімізді жоғарыда атап өткен «Транссервис» ЖШС-нің директорынан бөлек, «Арсен» ЖК мен «Шамалған-көмір» ЖШС-нің басшылары да растады. Олардың сөздеріне сүйенсек, Үкімет басындағылар қара отынның уақытысында жеткізілуін кадағалап, вагондардың санын арттырса, көмірге деген тапшылық мүлдем болмайды. Сонымен қатар тұрғындар қардың түскенін күтпей, ертерек қамданса деген өтініштерін жеткізуде.
– Биылғы көмірдің сапасы өте жақсы. Оны алып жатқан халық біледі. Ешқандай шағым жоқ. Бағалары, тіпті, былтырғымен салыстырғанда 1000 теңгеге арзандады. Өткен жылы 17 000 теңгеден сатқан «Шұбаркөлді» 16 000 теңгеден беріп жатырмыз. Ал көп келе бермейтін «Қаражыра» биыл 15 000 теңге. Былтыр оның бағасы 16 000 теңге еді. Көмірдің құны қолжетімді. Бірақ көлем жағынан қиналамыз. Мәселен, Қарағандының «Қаражырасын» алу үшін айына 30 вагонға тапсырыс берсек, ол 12-13 вагон болып келеді. Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, халық кеш қимылдайды. Бұрындары мамыр айынан бастап, көмірді алатын. Қазір ондай жоқ. Тек қар түскенде ғана келеді. Ал сол кезде, әрине, сұраныстың көптігінен жылдам үлестіріп үлгере алмаймыз, – деген «Шамалған-көмір» ЖШС-нің Тоқтар Асылбаев бұл мәселе жылда қайталанатынын түсіндірді.
20 жыл бойы көмір сатумен айналысып келе жатқан Тоқтар Асылбаев жергілікті әкімдікпен тығыз қарым-қатынаста екенін айтуда. Қайырымды істен шет қалмай, әлеуметтік осал топқа жататын әкімдік ұсынған тізім бойынша 1-2 тонна тегін көмір беретінін де жасырмады. Қолда бар көмірді халықтан аямайтын Тоқтар мырзаны алаңдататын сол жоғарыда атап өткендей, көмір тиелген вагон санының жетіспеушілігі.
– Мені алаңдататын сол баяғы вагонның аздығы. Осы мәселені құзырлы органдар қолдарына алып, Үкіметпен бірлесіп оңды шешіп берсе жақсы болар еді. Егер табиғи отын қажетті көлемде келіп тұрса, халықтың бәрін қамтамасыз етуге болады, – деп Т.Асылбаев өзінің шағымын білдірді.
Жібек жолы ауылдық округіндегі тұйықтардың бүгінгі жағдайы осындай. Шарықтап кеткен баға білінбейді. Кәсіпкерлер айтқандай, көмірді жеткізуші компаниялар дер кезінде лайықты мөлшерде көмір жеткізсе, ешқандай мәселее туындамайды.
Дидар МӘЛКҰЛЫ.