Дінмұхамед Қонаевтың есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылған, Қазақстан атауымен біте қайнасып кеткен. Қонаев ел басқарған тұста Қазақстанда 43 қала, 68 жұмыс қалашығы бой көтерген екен. Әр қаланың құрылуы еліміздің экономикасына серпіліс әкеліп, өндіріс орындары, жаңа жұмыс орындары ашылған. Биыл, міне, біздің тарихымызда ел ертеңі үшін аянбай еңбек еткен тұлғалардың бірі және бірегейі болған Дінмұхамед Ахметұлының туғанына биыл 110 жыл толды. Осы айтулы мерекеге орай аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Кеменгердің кемел жолы» атты іс-шара өтті. Нақтырақ айтқанда, аптаның сейсенбісі күні кітапхананың ғимаратында «Таңғажайып Қонаев» атты кітаптың авторы, жазушы, журналист, қонаевтанушы Ораз Қауғабаймен кездесу кеші өтіп, дана халықтың дара перзенті Дінмұхамед Ахметұлының өмірі мен еңбек жолы жайлы айтылды. Белгілі ақын, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиев жүргізген танымды жиынға аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағат Мәсімақынов, ауданымыздың бірқатар зиялы қауымы мен жастары қатысты.
Жиында сөз алған Ораз Дүнгенбайұлы алдымен Қонаев атамыздың өміріне қалай қызығып, ол жайлы мәліметтерді жинай бастағандығына тоқталды. Мұнан кейін еліміздің бірінші хатшысы болған тұлғаның өмірі, шыққан тегі мен мемлекеттік қызметі, оның республикамыздың әлеуметтік-экономикалық, ғылыми әлеуетін дамытуға қосқан үлесі, кейбір саяси және құқықтық көзқарастары, Мемлекет басшысының саяси таланты туралы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, Дінмұхамед Ахметұлының Қостанай мен Ақтөбе облыстарын сумен қамтамасыз ету үшін Сібір өзендерінің ағысын Қазақстанға бұру туралы, сондай-ақ еліміздің XX ғасырға өткен кезеңін көруді армандағаны жайлы да кеңінен әңгімеледі. Сөз соңында Ораз Қауғабай халқымыздың қастерлі дара тұлғасы, бүкіл әлемге қазақтың қасиетін танытқан, ұзақ жылдар бойы елімізді басқарып, оның экономикасы мен мәдениетін өркендетуге қыруар еңбек сіңірген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, ізгілік пен даналықтың, биік парасаттың иесі Дінмұхамед Қонаевтың өнегелі өмірін жастарға үлгі ету, насихаттау қажеттілігін атап өтті.
Сөз кезегін жиын модераторы аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағат Мәсімақыновқа берді. Сағат Ұлтарақұлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болған Дінмұхамед Ахметұлының қазіргі ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласында орналасқан «Алатау» сауда үйінің ашылуына келгені жайлы ерекше естеліктерімен бөлісіп, оның бүгінгі жас буынға беретін өнегесіне тоқталды. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары таяуда Қонаев қаласында болғанын тілге тиек етіп, сол жерде оған сыйға берілген «От Сталина до Горбачева» атты кітапты кітапхана ұжымына тарту етті.
Бұдан кейін аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы сөз алып, жиынға арнайы келген Ораз Дүнгенбайұлы мен оны ұйымдастырған Ұлдархан Өтеева басқарған орталық кітапхананың ұжымына алғысын білдірді.
Мұнан соң сөз кезегі аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Әділханқызы мен Ұлдархан Өтеева алып, Ораз Қауғабайға өз уақытын бөліп, сонау Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келіп, Қонаев атамыз жайлы көптеген ақпаратымен, естеліктерімен бөліскеніне алғыстарын білдіріп, иығына шапан жапты.
Жалпы аталған іс-шара барысында оған шақырылған қонақтар ол кісі ел басқарған кезеңде байтақ даламызда жаңа қалалар бой көтеріп, өндіріс орындары ашылып, әлеуметтік-экономикалық даму қарқын алды. Елімізде ғылым алға басып, әдебиет, мәдениет және өнердің дамуына ерекше жағдай жасалды. Сол замандағы әр саладағы қыруар жұмыс пен жетістікте Қонаевтың ерекше қолтаңбасы бар екендігі жайлы сөз қозғады.
Кездесу кешіне жиналған қауым ұлы Абай атамыз айтқандай ақыл, қайрат пен жылы жүрек үшеуін бірдей ұстаған Дінмұхамед Ахметұлының өмірі мен тарихта қалдырған ізі жайлы толығырақ танысып қана қоймай, сондай-ақ, ауданымыздың өнерпаздары дайындаған кішігірім концерттік бағдарламасын да тамашалады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.