«Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды орталығының қолдауымен 2017 жылдан бері жүзеге асып келеді. Үздік әлеуметтік жобаларын сынға салатын гранттық конкурсқа қатысу арқылы жұмыссыз жастар өз кәсібін бастап, бүгінде еңбегінің жемісін жеп отыр. «Zhas Project»-тің ең тиімді тұсы сол, әр жобаға миллион теңгеден қайтарымсыз қаражат және әр қатысушыға алты ай бойы 40-60 мың теңгеден шәкіртақы беріледі. Жуырда Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығы, «Jastar ruhy» жастар қанатының ұйымдастыруымен жастар үшін мол мүмкіндіктерге жол ашатын жобаны толықтай түсіндіру үшін ауданға «Zhas Project» жобасының жетекшісі Әлия Құрмангалиева арнайы келді. Аталған басқосу аудандық мәслихат депутаттары Бекжан Сүнбеков және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының Қарасай аудандық филиалының маманы Елена Константинова, қала, ауылдық округ жастар ісі-жөніндегі әдіскер нұсқаушылары, жұмыссыз жастардың қатысуымен өтті. Әлия Құдайбергенқызы жоба аясында қаржылық қолдаудан бөлек, «Менторлық қолдау» атты жастарды оқыту бағдарламасы да бар екенін айтты. «Менторлар алты ай бойы жастарға жобаларын қалай жүзеге асыру, құжат жұмыстарын қалай жүргізу керектігін үйретеді. Яғни, қатысушылар жобаларды басқару бойынша тренингтерден өтеді. Конкурс талабы бойынша өтінімдер жергілікті халыққа көмегін тигізетін әлеуметтік жоба болуы шарт екен. Жиынға қатысқандар тек қана ақпарат алып қоймай, жоба жетекшісіне сұрақтарын қойды.
Өз тілшіміз.