Осыдан үш ай бұрын Қаскелең қаласы әкімдігінің бастамасымен «Naqty.kz» әлеуметтік парақшасында жергілікті тұрғындардың игілігі үшін жақсы бір іске қатысты сауалнама жүргізілген болатын. Яғни, қаскелеңдік оқырмандар қауымынан аудан орталығының қай жерінде жаңа балалар алаңын салу қажет екені талқыланды.Сауалнама нәтижесінде көбісі салынатын ойын алаңдарының бірін Қаскелеңдегі Райымбек көшесінде орналасқан 60 «а» және 60 «б» көпқабатты үйлерінің ауласында болса деген пікірлерін қалдырған еді.
Тұрғындардың қалауын назарға алған қалалық әкімдік аталған үйлердің ауласына балалар алаңын салуды ұйғарды. Бүгінде мұнда ойын алаңының құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Алаңға орналастырылған жаңа жабдықтардың барлығы жоғары сапалы және балалардың жан-жақты қауіпсіздігі де ескерілген.
Үш бөліктен тұратын алаңда балалар ойнап, көңіл-көтеріп қана қоймай, сондай-ақ баскетбол, волейбол сияқты спорт түрлерімен емін-еркін айналыса алатын болады.
Заман талабына сай салынып жатқан бұл алаң балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға септігін тигізері сөзсіз.
Айта кетейік, қалалық әкімдіктің бюджетіне салынып жатқан аталмыш алаңның жұмыстары 10 күнде аяқталып, пайдалануға беріледі.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.