Өткен аптаның сейсенбісінде Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізіліп, оның жұмысын кеңес төрағасы Жанат Исағұлов жүргізді. Алдымен Жанат Молдағұлұлы қазіргі кезде қоғамдық кеңестердің ел өміріндегі рөлі артып келе жатқанын айта келе, күн тәртібімен таныстырды.
Бірінші кезекте «Қарасай ауданының еңбек және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының өзіне жүктелген міндеттерін атқаруы және бөлімнің жұмысы туралы» бөлім басшысы Әлия Қыйлыбаеваның есебі тыңдалды.
Бұл ретте Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан сұрақ көп қойылды. Ол түсінікті де, өйткені, әлеуметтік саланың мән-маңызы өте үлкен ғой. Мәселен, Мұқтар Байқұлов атаулы әлеуметтік көмектердің, Қаныбек Айтжанов көші-қон мәселесінің жай-күйіне айрықша назар аударды. Сол сияқты Бауыржан Айнабеков, Несіпбала Әбділдаева, Жеңіс Бектасов, Әмина Абдраманова, Сағат Мәсімақынов, Орынбай Жанәділ сөйлеп, ой-пікірлерін, ұсыныс-тілектерін ортаға салды.
Келесі кезекте кеңес мүшелері аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Сырым Жарқымбаевтың «Соңғы 7 ай ішінде (2021 жылдың желтоқсан айынан 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін) жалпы аудан және округтер бойынша 0,050 га-дан жоғары жер телімдерінің мақсатты бағытын өзгерту туралы ауданның ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің есебі» жайындағы мәселені қарады.
Осы орайда кеңестің төрағасы Жанат Исағұлов, мүшелері Сағат Мәсімақынов, Қаныбек Айтжанов, Бауыржан Айнабеков, Несіпбала Әбділдаева, Сағат Сейітов, Жеңіс Бектасов сөз алып, бұл істе барынша жауапкершілік керек екенін айтып, сауалдарын қойды. Мұндай мәселенің бүгінде үлкен алаңдаушылық тудырып отырғанын атап көрсетті, пікірлерін білдірді.
Үшінші мәселе – «Тұрғындар алдындағы бір жылдық есеп кезінде Қаскелең қаласы әкіміне айтылған талап-өтініштердің орындалуының барысы, Қаскелең қаласының санитарлық тазалағы туралы» қала әкімі Асқар Мұқашев есеп берді.
Қала басшысы өз сөзінде соңғы уақыттарда атқарылған бірқтар жұмыстар жайында баяндады, кейбір өзекті мәселелер жөнінде қойылған сұрақтарға жауап берді. Қоғамдық кеңес мүшелері Сағат Мәсімақынов, Бекжан Сүнбеков, Несіпбала Әбділдаева, Әмина Абдраманова, Бауыржан Айнабеков қаланың тыныс-тіршілігін жақсартуға қатысты істерге тоқталды. Атап айтқанда, тәртіпті күшейту, тазалық жұмыстарын жақсарту, жастармен түрлі мәдени-көпшілік шараларын өткізу және тағы басқа. Ал Мұқтар Байқұлов пен Қаныбек Айтжанов маңызды істерді шешуде жергілікті қоғамдастыққа арқа сүйеу, халық өкілдерімен кеңесу, Жеңіс Бектасов арық-атыздарды ретке келтіру туралы айтты.
Отырыста берілген есептерге байланысты тиісті шешімдер қабылданды.
Отырысты қорытындылаған кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы талқыланған әрбір мәселенің, ұсыныс-тілектердің де бақылауда болатынын, олардың орындалуы қадағаланатынын атап көрсетіп, алда кеңес мүшелері билік пен халық арасында осылай дәнекер болу керектігіне, барлық жерде де тәртіп пен жауапкершілік қажет екендігіне назар аударды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.