Игерген мамандығымен мәртебесі артып, ел алдында өздеріне жүктелген міндетті атқарып жүрген кәсіп иелерінің меншікті күні күнтізбеде нақтыланғаны дұрыс шығар. Қай сала болсын оның жеке, төл мерекесінің болуы – оған деген халықтың қызығушылығы мен сенімі артып, ерекше көзқарасы қалыптасуы мүмкін. Сондықтан әр маман иелерінің айтулы мейрамының бекітілуі заңдылық деп білеміз. Сондай кәсіби мерекелердің бірі биыл елімізде алғаш рет, яғни, 24 маусым – Судья және сот қызметкерлері күні атап өтілді. Айтулы күннің маңыздылығын алға тартып, ауданымызда осы салада талай тер төгіп, біраз тартысты дауда төрелігін айтқан, ардагер заңгер Жангелді Байғожаев жайлы қалам тербегенді жөн санадық.
Еліміздегі Жоғарғы Соттың төрағасы Жақып Асановтың медалі екінің біріне беріле бермейтіні анық. Десе де биыл бірінші рет атап өтілген судья және сот қызметкерлерінің мерейлі мерекесінің қарсаңында осы бір мәртебелі марапат Жангелді Алтынбекұлына бұйырды. Анығын айтқанда, заң саласының ардагері «Қазақстан Республикасының сот жүйесіне 30 жыл» мерекелік медалімен наградталды. Жангелді ағамыздың басқа маңызды марапаттарын қоспағанда, орны бөлек бұл төсбелгісі – «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» атты былтыр алған Президенттің медалінен кейінгі екіншісі. Әрине, әңгіме атақ, абыройда емес қой! Сонда да еткен еңбектің, төккен тердің бағаланғаны жөн деп білеміз.
1962 жылы сол кездегі Қаскелең ауданы Стаханов ауылында дүниеге келген Жангелді Байғожаев Күрті ауданының Ақши ауылында орта мектепті үздік бітірген. 1980-1982 жылдары Отан алдындағы борышын өтеу үшін Германия жеріне аттанып, Кеңес әскерінің қатарында болды. Елге оралған соң жоғары оқу орнына тапсырып, яғни, 1983-1988 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқыды. Оқу ордасын аяқтап, арнайы жолдама арқылы 1996 жылға дейін Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында адвокат, прокурордың көмекшісі, халық соты, төраға сияқты жауапты қызметтерді атқарды.
Тәжірибесі толысқан Жангелді Алтынбекұлы Алматы облысындағы бірнеше аудандарда көп жыл жұмыс істеді. Қысқаша айтар болсақ, 1996 жылы Күрті аудандық сотының судьясы болса, кейін бұл аудан таратылған соң, яғни, 1997 жылдан бастап Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Балқаш сияқты жерлерде аудандық соттың судьясы болды. 2018 жылы Құрметті отставкаға шыққанымен 2019-2022 жылдары Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы ретінде лауазымды қызметте істеді. Бүгінгі таңда Қаскелең қаласында Алматы облыстық адвокаттар алқасының адвокаты ретінде заңгерлік қызметті де халыққа ұсынып келеді.
29 жыл сот жүйесінде еңбек еткен Жангелді Алтынбекұлы қазір де елмен етене араласып, өз құқығын білмейтін жандардың мүддесі үшін қалтқысыз қызмет атқаруда. Қаншама уақыт осы салада жүрген заңгердің бір түйгені – халықтың әлі де болса сотқа деген сенімі бар. Яғни, тұрғындар өз құқықтары мен жеке басына қатысты заңдылықтарды көп біле бермейді. Бұл ретте Жангелді Байғожаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан референдумның маңыздылығына тоқталып, соның аясында елімізде Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық соттың құрылатыны өте орынды екенін жеткізді. Айтуынша, бұл орган халықтың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі.
Жангелді Алтынбекұлы бүгінгі таңда халық өз құқығын қандай заңгерге қорғатып жүргенін білуі қажет екенін ескертеді. Өйткені осы саланың өкілдерінде дипломдары болғанымен, олардың кейбірі тиісті адвокаттар алқасына, заңгерлер палатасына және әділет басқармасына тіркелмеген. Сондықтан құқықтарын қорғауды мақсат еткен қараша халық кімге жүгініп, кімге жауапкершілік артып отырғанын білуі керек. Одан бөлек талап-арызды, өтінішті заңгердің өзі жазғаны жөн.
Әңгіме барысында ардагер заңгер Жангелді Байғожаев адвокаттардың рөліне де кеңінен тоқталды. Мәселен, азаматтық процессуалдық кодекс (АПК) бойынша белгілі бір іске қатысты дәлелдемелерді сот жинағанымен, оған заңгерлер де ықпал етуі тиіс. Сонымен қатар ол жол-көлік оқиғасы орнынан адвокаттардың табылғанын жөн санайды. Себебі осындай жағдай болғанда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары қарастырылады. Ал жәбірленуші мен кінәлілер өздерінің құқығын, мүдделерін қорғау үшін адвокаттың қызметіне жүгініп, оқиға орнына шақырғаны дұрыс. Олар барлық мән-жайдан хабардар болып, заң шеңберінде әрекет етеді. Міне, сонда ғана әділеттік орнауы мүмкін.
– Жер дауына да адвокаттардың ықпал еткені дұрыс. Өйткені заң аясында шешілетін жағдай болғасын, оның басы-қасында заңгерлердің жүргені жөн. Солар ғана «ақты – ақ, қараны – қара» деп тануы мүмкін, – дейді заңгер Жангелді Алтынбекұлы.
Сот ісінде талай ілгері іске басшылық еткен Жангелді Байғожаев осылайша әділеттік үшін әркім өз құқығын біліп, заңгерлерге деген сенімділікті арттыруға үндейді. Білікті құқық қорғаушының айтқаны да орынды деп білеміз. Алдағы ісіңізге сәттілік, Жангелді Алтынбекұлы! Өзіңіздей әділдікті жақтаған заңгерлердің қатары арта берсін дегіміз келеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.