Қалада тұрған жақсы ма, әлде, ауылда ма? – деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Бұл мақалада ауыл өмірін таңдап, ғаламтор желісінде танымал болған аспаз-блогер Андрей Батанов жайлы әңгімелейтін боламыз.
«Дед с Фабричного» деп аталатын Youtube арнасы әлеуметтік желідегі көптеген қолданушыларға таныс болары сөзсіз. 50 жастағы Алматы облысы Қарғалы ауылының тұрғыны Андрей Батанов көңілді аспаз, аңшы, бастысы нағыз патриот адам. 34 жыл отасқан Елена Петровна есімді әйелі, Анжелика мен Алена атты қыздары, үш немересі бар. Көңілді отбасының отағасы бұрыннан табиғат аясында демалу кезіндегі тамақ дайындаған сәттерін видеоға түсіріп, желіге жүктегенді ұнататын. Үлкен қызы әкесінің бұл қызығушылығын байқаған соң, «Youtube» желісінен арна ашады. Лақап атын ерекше болып әрі жылдам есте қалсын деген мақсатта «Дед с Фабричного» деуді жөн санапты. Осылайша Андрей Владиславович өз видеоларында таза ауада, табиғатта тағам әзірлеп қана қоймай, ас дайындау кезіндегі құпияларымен де бөліседі.
Бір айта кетерлігі, блогердің аспаздық білімі жоқ, мүлдем өзге салада – Алматы қаласындағы компаниялардың бірінде күзетші болып істейді. Танымалдылыққа ұмтылмайтын қарғалылық аспаз оқырмандарын өзінің осы қарапайымдылығымен баурап алған секілді. Андрей Владиславович, әсіресе, қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеуді ұнатады. Оның ас мәзірінде ұмыт болып бара жатқан тамақтарды кездестіруге болады. Мәселен, блогердің қазы дайындау және пісіру туралы видеосы 3 миллионға жуық қаралым жинаған. Қазіргі уақытта оның Youtube әлеуметтік желісінде 140 мыңға жуық оқырманы және видеоларында барлығы 28 миллион жуық қаралымы бар.
Блогер аспаздың тамақ дайындауға деген қызығушылығы кішкентай кезінен басталған. Алғаш рет ол жеті жасында анасының көмегінсіз тәтті бәліш дайындапты. Өсе келе күнделікті тамақты дайындау ешбір қиындық туғызбайтын болды. Осы қабілетінің арқасында шекара заставасындағы асханадағы қызметте басшылық етті. Бірақ, әскерден кейін тамақ дайындауға басқа салада қызмет еткен соң мүлдем уақыты болмады. Дегенмен жұмысын ауыстырған соң ол өзінің сүйікті хоббиіне қайта оралды.
«Мен әрбір тамақтың дайындалу жолын жазып немесе жаттап, арнайы рецепттер жинамаймын. Қосылатын әрбір құрамын тамаққа көз мөлшерімен саламын. Еттен жасалатын асты жақсы көргендіктен, менің ойыма жаңа тамақтардың әзірлеу жолдары тосыннан келеді. Қазақстанда барлық халықтың тағамдары жақсы дамыған, бірақ, менің ойымша, ең дәмдісі біздікі, қазақтікі», – дейді жаны қазақ аспаздық блогер.
Себебі, ол өзінің туған өлкесін ерекше жақсы көреді.
«Мен 1969 жылы Қарғалы ауылында дүниеге келгенмін. Есімді білгелі осында тұрамын. Бала кезімізде әртүрлі болғанымызбен ұлтқа бөліну жайлы ой мүлдем болған емес. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрдік. Көшеге ойнауға шыққанда май мен қант жағылған нанды ұстап, кәріс көршім соя қосылған бәліш, ал, қазақ досымыздың қолында әр кез бауырсақ болатын. Барлығымыз қолдағы тамақтарымызды бөлісіп жеуге тырысатынбыз. Әр ұлттан достарым болғандықтан шығар, мен кез келген халықтың ұлттық тағамдарын қиналмай әзірлей аламын. Мысалы, қазақтай ет асуды ешкім әзірлей алмайды, – деп ол балғын балалық шағын осылайша еске алды.
Бірнеше жыл бойы Алматыда тұрған кейіпкеріміз, неліктен туған жеріне қайта оралғанымен бөлісті.
«Мен Алматыда күзетші болып жұмыс істеймін. Біздің ауыл қаладан 45 шақырым жерде орналасқан. Күнделікті жұмысқа уақытында жету үшін сағат 4.30-да тұрамын, кешке кептеліспен қайтамын. Сондықтан 2002 жылы балалардың оқуларына жайлы болсын, маған да жеңіл болсын деген ниетте Алматыға көшіп барған болатынбыз. Бірақ, алғашқы жаңа жылды қарсы алған соң әйелім екеуміз ауылға қайтамыз деген шешімді бір ауыздан қабылдадық. Өйткені қалада жай күндері онша араласа бермейтін көршілеріміз, мереке күндері мүлдем қонақ шақырғанды ұнатпайды екен. Мереке күні қатарлас орналасқан бес көршіге барамыз деп оларды қатты шошытқанымыз бар. Ал біздің ауылда қалай. Әрбір үйдің есігі кез келген күні айқара ашық, құшақ жая қарсы алады. Тіпті, мейрам күндері қыдырып келмесең ренжіп жататын кездері болады. Мен нағыз қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында өскен соң, менің жаным қазақ деп толықтай айта аламын, – дейді ол.
Кейіпкеріміз нағыз жан-жақты адам деп айтуға толықтай негіз бар. Ол өзінің танымдық қабілеттерін артыру мақсатында әртүрлі жерлерге саяхаттағанды жақсы көреді. Сол қызығушылығының ыңғайлылығы үшін оның қыс пен жаз мезгілдеріне, суға, тауға арналған жол талғамайтын техникалары бар. Қазақ мәдениетін білу үшін мотоциклмен Алматы облысының ең шалғай ауылдарына дейін барады. Онда алған жағымды әсерлерімен, арнадағы оқырмандарымен бөліседі.
«Жасыратын несі бар, заманауи гаджеттердің тілін білмеймін. Youtube арнасындағы оқырмандарым, кәсіби камераға түсіруді көп сұрайды. Бірақ соны үйрене алмай қойдым. Тамақ әзірлеу сәтімді әйелім ұялы телефонға түсіріп, оны Санкт-Петербургте тұратын қызыма жіберем. Ол монтаждап нәтижесін каналға жүктейді, – деді Андрей Владиславович сөз соңында.
Бұрым ОРЫНБАСАР.