«Жетісу жұлдыздары – 2022» – жыл сайын облыс деңгейінде өтіп жүрген балалар шығармашылығына арналған үлкен байқау. Ауданымыздың бүлдіршіндері жыл сайын осы конкурсқа барып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Биыл да Талдықорған қаласында Балалар жылына орай XX «Жетісі жұлдыздары – 2022» облыстық балалар шығармашылығы байқауының марапаттау рәсімі мен қорытынды гала-концерті өтті. Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында өткен салтанатты шарада Қарасай ауданының мәртебесін көтеріп, тартысты бәйгеде топ жарған 11 өнерпаз, 2 би тобы өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иеленді.
Байқауда өздерінің табандылығы мен талантының арқасында ауданның жас таланттары жоғары деңгейде өнер көрсетті. Атап айтқанда, «Көркем сөз» номинациясы бойынша бас жүлдені Сайлаубай Кеулимжай, І орынды Мақұлбек Шынар, Мақсатбай Жарас, Абатбай Аружан иеленді. «Вокал» номинациясы бойынша І орынға Ерсінұлы Шапағат пен Құрбанбай Дінмұхамед, ІІ орынға Мұрат Сүлеймен лайық деп танылған. Ал, мың бұралған биші қыздардың ішінен «Кербез» би тобы ІІІ орынға, «Арнайы жүлдеге» «Гүлсанат» би тобы қол жеткізді. Қылқалам шеберлерінің ішінен ІІ орынды Асадолда Алихан, ІІІ орынды Тойғазин Әмірхан иеленді. «Қолөнер» номинациясы бойынша оқ бойы озық шыққан Жанаділ Аяулым І орын, Ахат Аңсар ІІІ орынды қанжығаларына байлады.
Жас таланттарға Е.Қайықбай, Т.Муслимовна, М.Нүркенқызы, Б.Иманқұлов, Қ.Абдуллаева, М.Жаркетерова, Л.Садуақасова, Т.Дүйсенбаева, Г.Искакқызы, А.Калиева, Г.Ахметжанова сынды тәжірибелі ұстаздар жетекшілік етті.
Айта кету керек, аталған байқаудың бас жүлде иегерлері Нұр-Сұлтан қаласында өтетін халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы байқауына жолдама алды.
«Өнерлінің өрісі кең», – дейді қазақ. Талантымен тас жарған біздің кішкентай өнерпаздарымыз осылайша Талдықорған төрінде шын мықты екендіктерімен өзгелерді мойындата білді. Жұлдыздай жарқыраған аудан мақтаныштарына әрдайым өнер бәйгелерінде оза шауып, биіктерді бағындыра берулеріне шын тілектестігімізді білдіреміз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.