Бекболат ауылындағы 1 Май орта мектебіне атау беру туралы мәселе осы уақытқа дейін талай талқыланған болатын. Білім ошағына оның іргетасын қалаған Ұлы Отан соғысының ардагері Әбікен Боздақовтың есімі берілсе деген артындағы ұрпақтары мен ауыл тұрғындары ұсыныс білдірген еді. Одан бөлек Қапал батыр деп атауды құптағандар да болды. Сонымен осы аптада ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 6 маусымдағы «Алматы облысының кейбір білім беру ұйымдарына атау беру және атауларын өзгерту туралы» №370 қаулысымен 1 Май орта мектебіне Қапал батырдың есімі берілді.
Ресми мәліметке сүйенсек, білім мекемесінің іргетасы 1976 жылы қаланып, бір жылдан кейін, яғни, 1977 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта 98 мұғалім қызмет етеді. 640 оқушыға арналған мектепте екі ауысыммен 1321 бала оқиды. Үш қабатты білім ордасының оқыту тілі – қазақ тіл. 2021 жылы толықтай жөндеуден өткен. Бүгінгі таңда Ләззат Іңкәрбекова басшылық ететін мектептің жеткен жетістіктері аз емес. Білім жолында ұстаздары білікті, оқушылары озат атанып, талай биіктен көрінуде.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.