Шамалған ауылдық округінің аумағында орналасқан «Зоренька», «Алатау Байконур», «Геофизик», «Дорожник», «Автомобилист», «Монтажник» деп аталатын бау-бақша серіктестіктерінің құрылғандарына биыл 35 жыл толды. 20 га жер телімін алып жатқан бұл ортаның 2,380-і біздің тақырыбымызға арқау болып отырған «Автомобилист» саяжайына тиесілі. Тұрмыс-тіршілігі қалыптасқан, татулығы жарасқан мұндағы көршілердің алдағы арманы – бос жатқан 10 сотық жерге балаларға арналған ойын алаңын салу. Әрине, оны заң жүзінде жүзеге асырғылары келеді. Дегенмен оған қатысты түйіткілді мәселе туындауда.
«Автомобилист» бау-бақша серіктестігінің төрағасы Ербол Сәлімбаевтың айтуынша, дәл осы саяжайдың ішіндегі 291 және 292 нөмірлі жер телімдеріне 1995 жылдан бері ешкім келмеген. Бес-бес сотыққа бөлінген, қоршауы жоқ бұл жердің қараусыз жатқаны осы маңда тұратын тұрғындарды да толғандырады. Тіпті, олар иесіз жатса да бұл ортаға алаңдаушылық білдіріп, күл-қоқыстан тазартып отырады екен.
– Бұл жер телімінің қожайындары бау-бақша серіктестігінің құрамында болғаны үшін мүшелік жарнасын төлемейді. Біздің тіршілігімізге мүлдем араласпайды. Ешкімге керексіз болғанымен, оның осылай қараусыз жатқаны бір жағынан қауіпті. Өйткені үй-күйі жоқ баспанасыз адамдар келіп, осы жерде түнейді. Олар кейде спиртті ішімдік ішіп алып, ұрыс шығарып, тұрғындардың мазасын алады. 2017 жылы осы жерде өрт болды. Егер оның иесі болса, қауіп төндіретін тілсіз жау орын алмас еді. Сондықтан ешкімге пайдасы жоқ жер телімдерін көршілер қауымы болып, оны жас ұрпақтың болашағына арнасақ деген ойымыз бар. Бұл жөнінде аналар да пікірін айтып, өтініш білдірді. 35 жылдығымызды атап өту қарсаңында өз күшімізбен спорттық және балаларға арналған ойын алаңын салғымыз келеді, – деген саяжайдың төрағасы Ербол Жақсылықұлы негізгі жоспарын айтты.
Өскелең жастардың келешегі үшін атқарылатын жұмыстың мақсаты шынымен көңіл қуантады. Осындай игілікті істі жүзеге асыру идеясы өткен жылдың қазан айында құрамында 27 адамы бар «Автомобилист» бау-бақша серіктестігінің жалпы жиынында талқыланыпты. Төрағасы Е.Сәлімбаевтың айтуынша, ешкім иелік етпеген жер телімдерін мақсатты түрде пайдаға асыру жөнінде халықтың өтініші Қарасай ауданының әкіміне дейін жетіп, ағымдағы жылдың 15 наурызында арнайы хат та жазылған. Ал аудандық әкімдік бұл іске жауапты Ербол Жақсылықұлын жер телімдерінің бағалау құнын анықтау үшін Қарасай ауданындағы техникалық түгендеу бюросына (ТТБ) баруды нұсқапты. Бұл мекеменің өкілдері болса қожайындарсыз ештеңе шешілмейтінін айтқан. Осылайша күрмеулі күйде қалған шешімі жоқ мәселе еш өгеріссіз қалған. Неге десеңіздер, қараусыз жатқан 10 сотық жердің иелерін табу мүмкін болмай тұр. Ербол Сәлімбаевтің сөзіне сенсек, аталған жер телімдері ерлі-зайыптыларға тиесілі, бірақ олар ажырасып кеткен. Бірде-бір рет қарасы көрінбеген қожайындардың келмегеніне 30 жылға жуық уақыт өтіпті.
Бау-бақша серіктестіктерінің негізгі мақсаты – ортақ мәселені заң аясында шешу. Осы ретте Ербол Сәлімбаев бастаған саяжай тұрғындары заңгерден кеңес алуды жөн санады. Оларға Алматы облысы Заң консультанттары палатасының заң консультанты Нұрлан Толынбеков мән-жайға қатысты ойын жеткізіп, заң тұрғысынан көмегін көрсетті. Оның айтуынша, саяжайлардың барлығы заңды тұлға болып табылғандықтан, олардың ішкі мәселелері өздерінің Жарғысына байланысты шешіледі. Яғни, жергілікті атқарушы органдар араласа алмайды. Ал жоғарыда атап өткен қараусыз жатқан жер телімдерінің тиісті құжаттарын сот арқылы ғана бұзуға болады екен. Ол үшін нақты қадамдарды жасауы тиіс.
– Бұл мәселені біржақты шешу үшін алдымен саяжай халқының қатысуымен кезектен тыс жиын өтіп, иесі жоқ жер теліміне қатысты барлық сұрақ талқыланғаны жөн. Оның ішінде мүшелік жарнасы, басқа да мемлекетке деген берешегін айтуға болады. Одан кейін арнайы хаттамалар толтырылып, сол құжатта жер теліміне қатысты мәселе де қамтылуы қажет. Сол бойынша сотқа арыз беріледі. Бірақ оған дейін барлық амалдар қарастырылады. Тиісті мемлекеттік мекемелерге өтініш беріледі және басқа да жұмыстар атқарылады, – деген заңгер Нұрлан Амангелдіұлы бұл істі жүргізуге көмек көрсететінін айтты.
Қажетті кеңесті тыңдаған соң «Автомобилист» бау-бақша серіктестігінің төрағасы Ербол Жақсылықұлы заңгерге деген алғысын жеткізіп, алдағы уақытта осы шаруаны аяғына дейін жеткізуін өтінді. Сонымен қатар заң тұрғысында айтылған барлық ақпараттан хабардар болған соң, тиісті құжаттарды жинайтынын айтты.
Саяжайдың мәселесін шешу жолындағы алғашқы істер осылайша заңгердің көмегі арқылы басталды. Нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады.
Жалпы Алматы облысы бойынша бау-бақша серіктестіктеріне қатысты сұрақтар жетіп артылады. Олардың біразы облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың да бақылауында. Облыс басшысының айтуынша, мұндай өзекті мәселелерді саяжайларға елді мекен статусын беру арқылы ғана шешуге болады. Қазір осы бағытта механизм іске қосылғалы жатыр екен.
«Саяжай мәселесі күн өткен сайын өзекті бола түсуде. Оның инфрақұрылым мәселесін шешу үшін алдымен оған елді мекен статусын беру керек. Өйткені, қазақстандық заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы билік бюджет қаржысын ауылдық және қалалық аумақтарды дамытуға ғана жұмсай алады. Саяжай кооперативтері бұдан сырт қалады. Осы мәселені мен ел Президентіне, үкімет басшысына жеткіздім. Соған сай қажетті қолдау мен мақұлдау алдық. Қазір әрбір ауданға бас жоспарды түзету мен толық жоспарлаудың жобасын жасау үшін шамамен 500-700 миллион теңге көлемінде қаржы бөліп отырмыз. Осыған орай бас жоспарларды пысықтау жөніндегі ауыр жұмыстарды биыл аяқтаймыз деп ойлаймын. Келер жылы егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен айналысамыз. Одан соң республикалық бюджеттен қаржы алу үшін өтініш беріп, жетіспегенін жергілікті бюджеттен бөлдіреміз. Соның арқасында 2-3 жылдың көлемінде саяжайлар елді мекен статусын алады», – деді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.
Тақырыбымызға тұздық болған «Автомобилист» саяжайының біз айтқан мәселесі де, бәлкім, облыс әкімінің бастамасы арқылы шешіледі деген үміттеміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.