Елімізде тарихи маңызы бар елеулі оқиға болып саналатын Конституциялық референдум өткізуге санаулы күндер қалды. Оған немқұрайды қарамай белсенді қатысу әрбір азаматтың басты борышы деп ойлаймын. Өйткені бұл бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт.
Қасым-Жомарт Кемелұлы президент болып сайланғанда өзінің бағдарламасының негізгі өзегі етіп үш мәселені көтерді: бірінші – халықтың әл-ауқатын көтеру, екінші – әділет, үшінші – даму.
Қазір осы үш мәселе біртіндеп іске асырылып келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын» – деген болатын.
ҚР Конституциясының 3-бабында көрсетілгендей, референдум өткізу, яғни халықтың сайлау процесіне қатысуы заңды. Осыны негізге ала отырып ел Президенті Конституцияны өзгерту еркін халыққа ұсыну арқылы демократиялық қоғамның маңызды институттарының бірі ретінде қалыптасқандығын көрсетіп отыр. Бұған дейін Ата заңымызға төрт рет өзгеріс енгізілсе де, бірде-бір рет референдум өтпеген. Сол себепті референдумды қолдау аса маңызды.
Бұл өзгерістер, суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшуді, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлуді, парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыруды, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейтуді, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіруді көздейді.
Конституцияның 87-бабы 4-тармағындағы жаңа өзгеріске сәйкес облыс әкімдерін Президент облыс аумағында орналасқан мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындайтын болады. Бұл өңірдің дамуына, қордаланған мәселелердің шешілуіне сөзсіз ықпал етеді. Мемлекет басшысы облыс әкімі болуға кемінде екі кандидатура (одан көп болуы да мүмкін) ұсынып, дауысқа салады. Дауыс беруге қатысқан депутаттардың көп дауысын жинаған кандидат облысқа басшы бола алатындығы белгіленді.
Жергілікті билікке қатысты Президенттің өкілеті азайып, мәслихаттардың рөлінің артуы жауапкершілікті күшейтеді. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттарына үміткерлер енді тек партия атынан ғана емес, жеке азамат ретінде де сайлауға түсуге құқығы бар. Конституцияның 50-бабы, 3-тармағының және 51-бабы, 1-тармағының жаңа редакциясында көрсетілген бұл өзгеріске қатысты тағы бір жайт – бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Мәжіліс депутаттарының мандатын кері қайтарып алу мүмкіндігі пайда болады делінген. Бұл да көңіл қуантады.
Конституцияның жаңа 83-1-бабының нормаларына сәйкес, адам құқықтарын қорғайтын Уәкіл ешкімге бағынбайды. Бұл оның ешкімге жалтақтамай өз ісін толық атқаруына мүмкіндік береді.
Ата заңға енгізілетін өзгерістерді халық қолдаса, елде өлім жазасы жойылады. Қылмыстық кодексте өлім жазасын жазалау шарасы ретінде қолдануға мүмкіндік беретін 17 құрам бар болатын. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда өлім жазасына 2003 жылдан бастап мораторий қолданылған. 2021 жылы Қазақстан азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативтік хаттаманы ратификациялады. Осылайша өлім жазасынан бас тарту туралы ниетін растады. Енді бұл мәселе Конституцияда түпкілікті шешілетін болады.
Сонымен қатар Ата заңға «жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау» деп жазылғалы отыр.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің және заңдылықты жоғары қадағалауды жүзеге асыратын Бас Прокурордың мәртебесі Конституцияда бекітіледі, кейін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Прокуратура туралы тиісті конституциялық заңдар қабылданғалы жатыр.
Бүгінде Конституциялық кеңес Президенттің, премьер-министрдің, парламент депутаттарының және соттардың өтініштерін ғана қарастырады. Енді адам құқықтары жөніндегі уәкілге, Бас Прокурорға және ең бастысы азаматтарға Конституциялық сотқа жүгіну құқығын беру ұсынылады. Конституциялық сот – мемлекеттің конституциялық негіздері мен адамның конституциялық құқықтарын қорғауға арналған әлемге әйгілі модель.
Енді заңдарды Мәжіліс қабылдайды және заңдарды қабылдау жүйесі де өзгереді. Қазір заңдар заң жобаларын алдымен мәжілісте, кейін сенатта дәйекті қарау арқылы қабылданады. Енді заңдарды қабылдау мәжіліске беру ұсынылады, ал сенат қабылданған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығына ие болады. Бұл ретте Конституциялық заңдарды Мәжіліс пен Сенат бірлесіп қабылдайды.
Алдағы конституциялық референдум тек бір қала немесе облыс тағдырына байланысты емес, ол тұтас мемлекеттің болашағына әсер ететін, бұдан да жарқын келешектің іргетасын қалайтын аса маңызды күн деп ойлаймын. Президент сөзден гөрі іске баса назар аударып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алға қоя отырып, осындай маңызды шешім қабылдап отырғаны анық. Бұл осы елдің азаматы ретінде мені де қатты қуантты. Сондықтан 5 маусым күні әр қазақстандық өзінің жеке азаматтық борышын орындауға тиіс. Еліміздің болашағының дамуы тікелей осы референдумға байланысты болып отыр. Сол себепті ел үшін жаны ашитын әр азамат осы референдумға қатысу керек деп ойлаймын.
Жұмағұл ОМАРОВ,
прокуратура зейнеткері.