Сәрсенбі күні Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елде қант тапшылығы бар екенін мәлімдеген болатын. Оның себебін Ресейден тоқтаған импортқа байланысты деп түсіндірген. Сол күні түс ауа министрдің қарамағындағылары «қант бар» деп қарсы дәйек келтіріп әлекке түсті. Елде шекердің жеткілікті екенін айтқан сауда комитетінің басшысы, тіпті келісі 437 теңге деп нақты бағаны да атады. Күз басталғанша 350 мың тонна қант келеді деп даурықпауға шақырды. Сырттан келетін шекер вагондарға тиеліп келе жатқанын да айтқан. Сондықтан тапшылық алды жойылады деп сендіріп отыр. Бақыт Сұлтановтың командасы да елді даурығып, алыпсатарлардың қолшоқпары болмауға үндеді. Дегенмен «қант бітеді» деген шуды министрліктің құрғақ баяндамасы баса алмайтын сияқты. Өйткені өңірлердегі қантқа деген сұраныс күн сайын артып барады.
Осы жағдайды пайдаланған шағын дүкендер қант бағасын 600-800 теңгеге дейін көтеріп сатуда. Осы негізде сіздердің назарларыңызға аудандағы әлеуметтік азық-түліктің бағасы бекітілген ірі супермаркеттер бар екендігін айтқымыз келеді. Өйткені ол жерде баға басқаларымен салыстырғанда тұрақты болады. Дегенмен қазіргі уақытта ірі супермаркеттердің өзі шекерді тәулігіне шектелген мөлшерде адам басына 2-5 килограмнан беруге мәжбүр. Қарасай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, біздің аймақта орналасқан ірі сауда орындарында аптаның алғашқы күні қант мүлдем болмаған. Ал күні кеше шектік бағалары бекітілген дүкен сөрелерінде шекердің сатылымға шыққаны белгілі болды. Атап айтқанда, 1 кг қант «Magnum» супермаркетінде – 445 теңге, «Toimart» супермаркетінде – 430 теңге, «Skif» супермаркетінде – 479 теңге. Аудандағы ең ірі базар «Алтын ордада» қанттың бағасы 550-560 теңге болып тұр екен.
Ал шағын дүкендердегі қанттың бағасы сан түрлі. Сондықтан үйіңіздің жанындағы азық-түлік дүкендердегі шекер бағасының қымбаттағынына байланысты аудандық кәсіпкерлік бөліміне немесе жергілікті әкімдікке шағым түсіре алатыныңызды айтқымыз келеді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.