Ағымдағы жылдың 26 мамырынан Қазақстанда білім сапасын арттыру және пандемия кезіндегі білім олқылықтарын толтыру мақсатында жазғы мектеп басталды. Балалар небәрі 16 күн оқиды. Аудандық білім бөлімінің берген мәліметінше, оқушылар тек ата-анасының келісімімен ғана сабаққа қатыса алады. Яғни, жазғы мектептегі сабақ міндетті емес. Жазғы мектеп 9 және 11 сыныптардан басқа барлық оқушылар үшін жұмыс істейтін болады.
Пандемия мектеп оқушыларының оқуына айтарлықтай әсер етті, білім сапасы төмендеді. Бұл мәселені шешу үшін кейбір елдер оқу жылын ұзартып жатыр. Ал ҚР Білім және ғылым министрлігі жылын ұзартпады, бірақ оқушылардың біліміндегі олқылықтарды толтыру үшін жазғы мектеп ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған.
Сабақ кестесі әдеттегі оқу жылындағыдай емес, басқаша болады. Өйткені Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық академия жазғы мектепті ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірлеп қойған. Аталған мекеменің дайындаған оқу жоспары жазғы мектепте барлық білім беру ұйымдары пайдаланатын болады. Сабақтар дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9:00-ден 14:00-ге дейін өтеді, сабақтың ұзақтығы 45 минут болады. Жазғы мектептегі сабақтар математика, жаратылыстану және т.б. осы сияқты негізгі пәндер бойынша өтеді. Жазғы мектепте оқу бағаланбайды, үй тапсырмасы берілмейді, мектеп формасы да міндетті емес.
Аудандық білім бөлімі жазғы мектеп кезінде балалар да мұражайларды аралап, экскурсияға шығатынын айтты. Сонымен қатар, мектеп оқушыларын талдауға, салыстыруға, қорытынды жасауға үйрету мақсатында кестеге 20-30 минут кітап оқуды енгізу жоспарлануда.
Бұрым ОРЫНБАСАР.