Биыл Ұлы Жеңістің 77 жылдығы. Бұл айтулы мереке осы сұм соғыста Отан үшін от кешкен, қажыр-қайраты жоғары бағаланатын батырлардың арқасында тойланатынын ұмытпауымыз қажет. Осы мақсатта ауданымызда Жеңіс күніне орай түрлі шаралар атқарылып, бұл күннің маңыздылығы, өскелең ұрпақ үшін қымбат екені ұлықталды.
Жеңіс күніне орай Қарасай ауданы әкімдігінің қолдауымен аудандық Жастар ресурстық орталығы «Ардагерлерге мың тағзым!» атты акция ұйымдастырды. Бұл іс-шараға Қарасай ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі мен «Агрофирма Керуен» ЖШС-і қолдау білдіріп, барлығы бірлесе аудандағы Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ардақтады. Мерейлі мерекенің аясында Адиш Абдраимов, Шайке Ыдырысов, Иса Керімтаев және Павел Половой сынды қарасайлық батырларға құрмет көрсетілді.
Даңқты ардагерлерге ҚР Қорғаныс министрлігінің атынан Алғыс хаттар табыс етілсе, аталмыш акцияға демеушілік жасаған «Агрофирма Керуен» ЖШС-нің атынан жеміс-жидегі мен сусындары бар арнайы себеттер сыйға тартылды. Сонымен қатар, қарасайлық қаһармандарға қаржылай сый-сияпаттар да табыс етілді.
Кездесу барысында өшпес ерліктің үлгісі болған аталарымыз жастар қауымымен әңгімелесіп, баталарын беріп, олардың осылай құрмет көрсеткендеріне алғыстарын жеткізді. Соғыс даласында өткен кейбір естеліктерімен бөлісіп, даналы сөздерін арнады.
Отан үшін кеудесін оққа тосқан осындай майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Олар Отанның тыныштығы үшін басын қатерге тігіп, елдің амандығына алаңдап, қайтпас қайсарлық мінезімен жерімізді аман алып қалды. Оларға деген құрметіміз шексіз. Ерліктерін үлгі етіп, ардақтап өту әрбіріміздің парызымыз деп білеміз.
Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығы.