Бүгінгі таңда баспанасыз жүрген жандар үшін ортақ бір ғана тұрғын үй бағдарламасы бар. Ол «7-20-25» деп аталады. Неге жалпыға ортақ дейсіздер ғой? Өйткені бұл ипотекалық бағыттағы берілетін бағдарлама ешқандай әкімдіктегі кезекке, тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркеуге қарамайды. Одан бөлек оған әрбір қазақстандықтың қатысуға мүмкіндігі бар. Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш әлеуметтік бағдарлама арқылы еліміздің кез келген өңірінен тұрғын үйге қол жеткізе аласыз.
Дегенмен «7-20-25» бағдарламасының ғұмыры шектеулі. Оның белгіленген шегі – 1 триллион теңге. «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-ның ресми мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта жоспарланған осы 1 трлн теңгенің 534 млрд теңгесі беріліп, 42 мыңнан астам қазақстандық отбасы баспаналы болған. Енді негізгі қорда 466 млрд теңгенің резерві бар. Бұл дегеніміз әлі де үйсіз-күйсіз жүрген халықтың үй алуға деген мүмкіндігі бар.
Ипотекалық бағдарлама арқылы үй алам деушілер жер үйлерді емес, тек нарықтағы жаңа пәтерлерді ғана таңдай алады. Үйді немесе құрылыс компанияларын өзіңіз табасыз. «7-20-25» бойынша бағаның нақты шегі бар екенін айта кету керек. Анығын айтқанда, сатып алынатын тұрғын үйдің бағасы Нұр-Сұлтан, Алматы (осы қала маңындағы аймақтар), Ақтау, Атырау және Шымкент қалаларында 25 миллион теңдеген. Қарағанды қаласында 20 млн. теңгеден және қалған өңірлерде 15 млн. теңгеден аспауы тиіс.
«7-20-25» әлеуметтің бағдарламасының жұмыс істеу принципі атауында айтып тұрғандай: банктің пайызы – 7, пәтердің алғашқы жарнасы – 20%, несиені 25 жылға дейін рәсімдеуге болады. Қарапайым мысал ретінде 20 миллион теңге тұратын пәтердің құнын былай есептеуге болады: бастапқы жарнасы 20%, яғни, 4 млн. теңгені банкке құю қажет. Егер 10 жылға алатын болсаңыз, айына 185 774 теңгеден төлейсіз. 15 жылға рәсімдесеңіз, ай сайын 143 813 теңгеден төлеп тұрасыз. 20 жыл болса, 124 048 теңге, 25 жыл болса, 113 085 теңге.
Қазіргі уақытта еліміз бойынша аталмыш бағдарлама бойынша жеті банк қана ипотека бере алады. Олар: «БанкЦентрКредит», «Халық банкі», «Еуразиялық банк», «RBK банкі», «Fortebank», «Freedom Finance».
«7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алуға ниеттілер келесі талаптарды білуі тиіс:
• Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек;
• меншігінде ешқандай үй болмауы қажет;
• басқа да ипотекалық несиелері болмаған жөн;
• табыс көзін растау міндетті.
Міне, дәл осы шарттарды сәйкес болған кез келген жеке тұлға «7-20-25» бағдарламасы арқылы өзінің қалаған тұрғын үйіне қол жеткізе алады.
Естеріңізге сала кетейік, халықтың баспанаға деген мұқтаждық мәселесін шешуге арналған бұл бағдарлама ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалымен жүзеге асқан. Нақты айтқанда, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа айтылған үндеуіндегі «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасының міндеттерін орындау аясында әзірленген.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.