Газетіміздің өткен нөмірінде біз ауданымызға қарасты Райымбек пен Іргелі ауылдық округтеріндегі жолдардың жөндеу жұмыстары туралы жазған едік. Енді бүгінгі нөмірімізде Елтай мен Шамалған округтеріне тоқталатын боламыз.
Жалпы ағымдағы жылы Елтай округіне қарасты Қаратөбе ауылында 1,5 шақырым жол жөнделеді. Нақтырақ айтқанда, ауылдағы мектепке апаратын жол қайта жөндеуден өтіп, жаяу жүргінші салынады. Бұған қоса, негізгі және бірқатар қосалқы көшелерге асфальт төселеді.
Исаев ауылындағы ұзындығы 9 шақырымдық Мәметова көшесінің биыл үш км жасалатын болады.
Округке қарасты Жармұхамбет ауылына келетін болсақ, мұнда өткен жылы жөнделе басталған мектепке апаратын Қажымұқан көшесі биыл толығымен аяқталады. Сондай-ақ, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысына сәйкес бүгінде аталмыш ауылдан өтетін облыстық Сайын көшесінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұған қоса, Береке ауылының тұрғындарының ыңғайлығы үшін Бабаев көшесіне жаяу жүргінші салынады.
Ауданымызға қарасты Шамалған округіндегі жол мәселесі жайлы айтатын болсақ, биыл мұнда «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Ақсай көшесі жөнделеді. Шамалған ауылында орналасқан көшенің жобалау-сметалық құжаттамасы дайын, құрылыс жұмыстарын жүргізетін компаниялардың арасында конкурс та ойнатылып қойған. Бүгінде тендерді жеңген компаниямен келісімшарт жасалуда.
Сонымен қатар, жуырда өткен аудан әкімінің есептік кездесуінде тұрғындар тарапынан округте орналасқан «Ushkonyr» спорт кешеніне апаратын жолдың қолайсыздығы жайлы бірқатар шағым айтылған еді. Шамалғандықтардың өтініштері бойынша биыл спорт кешенге апаратын жолға толығымен асфальт төселетін болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.