Әлемдік ареналарда мемлекеттің абыройын арттырып жүрген мақтаныштарымыз жетерлік. Сондай саңлақ спортшылардың арасында қаскелеңдік Тимофей Патошов та бар. Жақында жерлесіміз Иордания елінің Амман қаласында өткен жастар арасындағы бокстан Азия чемпионатына қатысып, үздік үштіктің қатарынан көрінді.
Боксты серік еткен табанды Тимофей бұл әлемдік додаға Қазақстан құрамасының атынан 92+ салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қарсыластарына дес бермеген қарасайлық спортшы шаршы алаңда өзбекстандық боксшыны айқын басымдықпен ұтып, қола жүлдеге ие болды. Осылайша Тимофей Патошов Азия чемпионатының жүлдегері атанып, жаһандық жарыста мемлекеттің жалауын желбіретіп, мерейін асырды. Оның бұл жеңісі жеке бапкері Ерғали Қоңлыбаевтың да жетістігі деуге болады. Шәкіртін шыңдай білген тәлімгердің үйреткен тәсілі Тимофейдің топтан оза шабуына септік болды деп білеміз.
Бүгінде Тимофей Қаскелең қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте білім алады. 11 «Г» сыныбында оқитын мақтанышымыз бокспен 2015 жылдан бері шұғылданып келеді. Патошовтың Азия ойынында жарқырағаны – мектептің де мәртебесінің артқаны.
Қарасайлық спортшының алдағы жарыстарына сәттілік тілейміз! Жеңісті күндері көп болып, дүниежүзілік додаларда ел намысын қорғап, биіктерден көріне берсін дегіміз келеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.