2016 жылы елімізде утилизациялық алым енгізілді. Оның негізгі мақсаты – экологияны жақсарту мен мемлекеттегі автопаркті жаңарту. Алайда бұл реформа өзін-өзі ақтаған жоқ. Әрі әділетсіз түрде өткізілуде. Дәл осындай пікірді утилизациялық алымға қарсы құрылған қоғамдық қозғалыстың белсендісі, саясаттанушы, қоғам қайраткері Санжар Боқаев ашық білдіруде. Тіпті, ол осы жүйеге қарсы шығып, бастама көтерген. Жақында осы мәселеге қатысты оның ойын білу үшін телефон арқылы тілдесіп, ең негізгі сұрақтарға жауап ала білдік.
– Санжар Омарұлы, утилалым бойынша бас көтерген белсенді азамат екеніңізді білеміз. Соңғы өзгерістерге, яғни, утилалымының мөлшерлемесі автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникалары үшін 50%-ға төмендегеніне көңіліңіз толады ма?
– Утилалымның 50 пайызға төмендегіні, әрине бізді қанағаттандырмайды, көңілімізден шықпайды. Өйткені бұл шешімнің ешқандай нақты есебі жоқ. Осылай төмендету үшін Үкімет екі ай ойланды. Тіпті, мұндай ұйғарымға келу үшін екі ай керек емес те. Егер дәл осылай келісімге келетіндері болса, бір-екі күннің өзі жеткілікті болар еді. Тағы бір айтарым біз утилизациялық жұмыстарға бір автокөліктің шығыны, көп болса 100 мың теңге екенін дәлелдеп берген болатынбыз. Нақты айтқанда, утилизациялық жұмыспен айналысатын көптеген жекеменшік компаниялардан кепілдік ретінде хаттарын да көрсеткенбіз. Осы серіктестіктер бір жеңіл көлікті 80 немесе 90 мың теңгеге утилизациясын жасауға дайын деп дәлелдеген. Сондықтан осы жұмыспен айналысатын «Жасыл даму» АҚ қандай да бір көлікті осындай халық қалтасына келетіндей утилизациялық сомаға жасай алмайтын болса, онда Үкімет тарапы бұл істі бәсекелестік ортаға бергені жөн.
– Сонда өзіңіз және Сізді жақтайтын ортамен бұл утилалым бойынша күресті одан ары жалғастырасыздар ма?
– Біздің биліктегілер жоғарыда айтып кеткен 50 пайызға төмендеттік деген шешімді іске асыру үшін әлі екі ай уақыт керек дейді. Яғни, мамыр айының басына таман бітіреді деген сөз. Ойланып қараңыздаршы, жай ғана оп-оңай нәрсені бір бұйрықпен немесе Үкіметтің қаулысымен шығара салатын дүние тағы екі айға созылмақшы. Не деген тиімсіз жұмыс. Бұл проблема көпшілікке ортақ. Мені қолдайтындар жетерлік. Сондықтан 50 пайызға төмендету деген шешіммен біз келіспейміз. Алдағы уақытта да күресімізді жалғастырамыз. Мұнымен тоқтамаймыз.
– Өзіңіздің видео-үндеуіңізде осы утилалым бойынша вице-премьер Роман Склярдың жұмысын сынға алып, оның бұл былықты тоқтатпаса, түрме күтетінін айтқан болатынсыз. Бұлай айтуыңызға толық негіз бар деп ойлайсыз ба?
– Жалпы, бұл тек қана менің ғана пікірім емес. Неге десеңіздер бүкіл қазақстандық бизнес өкілдері Склярға деген жанайқайы бар. Ол ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған кезінде де дұрыс жұмыс атқара алмады. Яғни, Роман Скляр автоөнеркәсіптік компаниялардағы мемлекеттік жобаны құрастыру келісімшарты бойынша кепілдікпен алған жауапкершілікті жоққа шығарды.
– Сонда міндетін дұрыс атқармаған болып тұр ма?
– Әрине, шындығына келгенде ол мемлекеттің мүддесін қорғап, соларды барып тексеріп, заң тұрғысында тиісті шара қолдану керек болған. Осы жұмыс оның тарапынан дер кезінде атқарылғанда қаншама миллиард теңге мемлекеттің қаржысына қайтарылатын еді. Бірақ Роман мырзға олай істемей, барлық жұмысты ашық түрде қабылдай берді. Былайша айтқанда, бәріне көз жұмып қарады.
– Пікіріңізге рахмет, Санжар Омарұлы.
P.S. 15 наурыз күні Экология министрлігі утилалымның базалық жаңа мөлшерлемесіне қатысты жобаны әзірледі. Оны талқылау 31 наурызға дейін жалғасады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.