Осы аптада Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, егемен еліміздің алдағы даму жолдарын, кезек күттірмес міндеттерін белгіледі. Бірден атап айтуымыз қажет, бұл айрықша мән-маңызы бар, халық көптен күткен Жолдау болды.
Мұнда, әсіресе, саяси реформаларға көп көңіл бөлінді. Сонымен, бұдан былай республикамыз супер Президенттік жүйеден Парламенттік жүйеге көшеді. Яғни, Мемлекет басшысының өзі айтқандай, енді бізде күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет болады. Бұл, сөз жоқ, демократияландыру жолындағы аса үлкен қадам, маңызды бел-белес!
Қасым-Жомарт Кемелұлы, сонымен қатар, елді ілгері бастыру, халыққа жағдай жасау, құқықтық тәртіпті күшейту, әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету, жастар тәрбиесі сияқты көптеген мәселелерге кеңінен тоқталып, оларды жүзеге асыру жолдарын айқындап берді.
Үстіміздегі жылғы қаңтар оқиғасы жайында да атап айтып, осы орайдағы тергеу-тексерудің әділ болатындығын, жазықсыздардың босатылып, ойран салғандардың, қан төккендердің қатаң жазалатынын жеткізді. Мұндай жайсыз жағдайлардың алдағы кезде орын алмауы үшін елде бірлік, ынтымақ болуы керектігіне баса назар аударды.
Сондай-ақ, Президент ел көкейінде бұрыннан жүрген әкімшілік-аумақтық өзгерістерді де айтып, халықты қуантты. Яғни, жаңадан үш облыс ашылатын болады.
Иә, Қасым-Жомарт Кемелұлы соңғы кездері қордаланып қалған көп мәселенің түйінін шешіп, өзінің жоғары деңгейдегі көреген басшы, барлық іске байыпты қарайтын ел жетекшісі екенін анық көрсетті.
Ендігі бәріміздің міндетіміз – Президент белгілеген аса зор міндеттердің толық жүзеге асуы үшін барынша қолдау-көмек көрсету.
Тәуелсіз Қазақстанымыз жасай берсін!
Сағат МӘСІМАҚЫНОВ,
Қарасай аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы.