Аудан әкімі Жандарбек Далабаев Әйтей ауылдық округінде осы аптаның сәрсенбісінде есептік жиын өткізіп, бірқатар шешім бар тапқан мәселелерді айтты.
Әйтейде Мәдениет үйі салынады
Мәдениет ошағының жоқтығы туралы ауылдастар талай рет өтініштерін білдірген болатын. Ауыл тұрғындарының сұранысы ескерусіз қалмай, оңтайлы шешімін тапты. Қазіргі таңда Әйтей ауылындағы 200 орындық Мәдениет үйінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Өнер ордасының ғимараты ескі Қосынов мектебінің алаңында 30 сотық жерге іргетасы қаланатын болады. Ал, аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың қолайлығы үшін «Work Out» спорттық алаңын салуда жоспарланған.
Ауыз су мәселесі шешіледі
Жиында округте су тапшылығы қатты байқалатындығы айтылды. Аталған мәселені тұрғындар арасынан көтерген Сағындық Қалмамбетовтың сөзіне сүйенсек, ауыз судың ағынымен қоса оның сапасы да төмен. Қыстың күндері су ақырын ағып тұратын болса, ал, жазда су мүлдем жоқ.
Бұл біраз жылдар күн тәртібінен түспей келе жатқан ауыз су мәселесі Жандарбек Ермекұлының қолдауымен шешімін тапты. Әйтей ауылдық округінің тұрғындары «Қаскелең су топтамасы» жобасының аясында 2023 жылға дейін сумен толықтай қамтылатын болады. Нақтырақ айтқанда, Еңбекші, Құмарал, Әйтей, Сауыншы, Үштерек ауылдарында аталған жоба аясында су жүргізіледі деген қажетті құжаттар мемлекеттік сараптамадан өткен. Қазіргі таңда округ үшін сумен қамтамасыз ету жұмыстарына қажетті қаражат бөлініп, қарқынды жұмыстар жүргізілуде.